ДИКТОР: Жыл басынан бері облыс бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 139 құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Ата-аналар мен мектептің бірлескен іс-әрекеті түрлі келеңсіздіктің бетін қайтарары сөзсіз. Осы ретте жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті. Оған Көкшетаудағы 33 мектеп пен 12 колледждің басшылары, сондай-ақ 7-11 сынып оқушылары мен колледж студенттерінің ата-аналары қатысты. Полиция басқармасы мен прокуратураның өкілдері балалардың қауіпсіздігі мәселесіне қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті.

РКС: Кездесу барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту, құқық бұзушылыққа жол бермеу, ғаламтордағы қауіп-қатерлермен күресу, әлімжеттікке қарсы іс-қимыл және оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар жалған ақпараттың алдын алу, әлеуметтік желілерде жауапкершілікпен әрекет ету, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы нақты шаралар да сөз болды. Тыйым салынған заттар, оның ішінде есірткі жасырылған орындар табылған жағдайда жасөспірімдер қалай әрекет етуі тиіс және бұл әрекеттердің құқықтық салдары туралы да ақпарат берілді. Тиісті сала өкілдері ата-аналармен еркін форматта пікір алмасты. Қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарды назарға алды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі таңда полиция департаментінің бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидатының аясында «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі» бағдарламасы әзірленген. Оның басты мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыстарды азайту, тойтару, болдырмау. Оның ішінде әсіресе жиіленген нашақорлыққа қарсы қылмыстарды азайту. Сондай мақсатты қойып отырмыз. Бүгінгі күні мына жасөспірімдер арасында, жеткіншектер арасында қылмыстардың саны жиіленіп кетті. Басты мақсаты соны тойтару. Статистикаға келсек, 5 жылда жасөспірімдермен 8 нашақорлық қылмыс жасалған. Олар бас бостандығынан айыру орнына жіберілген.

РКС: Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарына 400-ге жуық полиция қызметкері бекітілген. Бүгінге дейін 10 мыңнан астам құқықтық дәріс пен профилактикалық іс-шара өткізілді.

СНХ: БОТАКӨЗ ДҮЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ата-ана, ұстаз және оқушы арасындағы үштік бойынша жұмыстар жүргізіледі. Тәрбие мен оқу ол үзілмейтін процесс. Тәрбие бар жерде тәртіп те бар. Ол жерде сапа да бар. Балалардың бойында тәрбиені сіңіру ең басты мақсат. Себебі соңғы кездерде балалардың арасында, балаларға қатысты істер қозғалып жатыр. Және үлкендер тарапынан балаларға жаңағы зорлық-зомбылықтар көрсету сияқты, сонымен қатар балалардың, кәмелетке толмаған жастардың ішіндегі балалардың өздерінің тараптарынан да құқық бұзушылықтар өкінішке орай бар.

РКС: Ата-аналар мұндай шаралардың балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қосатын үлесін жоғары бағалады. Солардың бірі – Көкшетау қаласының тұрғыны Мұрат Бөкенов. Үйде балаларға қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбие беріледі, бірақ кейде жұмыспен қарбаласып жүріп, оларға қарауға уақыт жетпей қалады,-дейді көпбалалы әке.

СНХ: МҰРАТ БӨКЕНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менің балаларым осы қалалық мектептерге барады. Сол осындай шаралар мынау құқық бұзу, тәртіп бұзу, сол шараларды өткізуге мектептерде сол шараларды өткізуде осындай жиналыстар өтіп жатады. Біз өте қуаныштымыз оған. Себебі, балаларымыздың қауіпсіздігі өте маңызды. Сондықтан осындай шаралар көбірек өтсе деп, біз де соған атсалысып, бірге мектепте қатысамыз.

РКС: Жасөспірімдер арасында жеке профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіледі. Былтыр кәмелетке толмаған 666 жас есепке алынды. Биыл бақылауда 363 жасөспірім тұр. Оның 73-і жыл басынан бері тіркелген. Былтыр анықталған фактілер бойынша буллингтің алдын алу мақсатында да тиісті шаралар қабылданды. Ал биыл әзірге буллинг фактілері тіркелген жоқ.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ