ДИКТОР: Бала құқығы - басты назарда. Соңғы жылдары елімізде бала құқығын қорғауға қатысты ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар қабылдануда. Аймақта бұл бағытта қолға алынған кешенді шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Осы ретте облыстық полиция департаментінде «Қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету» мәселесіне арналған кеңес және «STOP Сталкинг» форум-диалогы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары, білім беру мекемелерінің өкілдері және жастар қатысты. Басқосуда жеке адамның қауіпсіздігін қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру және алдын алу шаралары талқыланды.

РКС: Бүгінде қоғамда өзекті мәселенің бірі - сталкинг. Яғни, қудалау, аңду, әлеуметтік желіде бақылау, адамның еркінен тыс ізіне түсу әрекеттері -осы ұғымға жатады. Ал бұл дегеніміз - адам қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін қылмыс. Осы ретте былтыр Мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға бағытталған заңға қол қойды. Енді қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Атап айтсақ, мұндай әрекет үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Яғни, 865 мың теңге. Жаза тек айыппұлмен шектелмейді. Сталкинг жасағандар 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Дегенмен, қолданылатын шараларға қарамастан, мамандар жасөспірімдерге психологиялық қысым көрсету мен аңду фактілері әлі де кездесетінін айтады. Бүгінде аймақта сталкинг бойынша 2 дерек тіркелген.

СНХ: ГҮЛНӘР ЖАНБЕКОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША УӘКІЛІ: Жеке бас бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, қауіпсіздік пен адамның қадір-қасиеті - Қазақстан Республикасының Конституциясында және еліміз қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда бекітілген іргелі құқықтар. Алайда оның күнделікті өмірде жиі бұзылатыны жасырын емес. Бүгінде аңду, психологиялық қысым көрсету, қорқыту, бақылау сияқты әрекеттер адамның жеке өміріне қауіп төндіретін қылмыс түрлеріне жатады және заңмен қорғалады. Мәселен, соңғы жылдары байыпты бастамалар жүзеге асырылып, салмақты заңдар әзірленді. Дегенмен, тек қылмыстық-құқықтық шаралар жеткіліксіз.

РКС: Ата Заңға келсек, әр баланың өмір сүруге, білім алуға, қауіпсіз ортада өсуіне толық құқығы бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекет назарынан тыс қалған емес. Соған қарамастан, аймақта бала құқығының бұзылу фактілері әлі де тыйылмай отыр. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар алаңдаушылық тудырады. Былтыр аймақта осындай сипаттағы 42 қылмыс тіркелген. Мұндай жантүршігерлік оқиғалар көбіне жасырын сипатта болатындықтан, дер кезінде анықталмай қалатын жағдайлар көп кездеседі. Осыған байланысты мамандар жастармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық беріп келеді. Жиын барысында сондай-ақ жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі, есірткі тасымалдау деректері, дропперлік әрекеттер секілді өзекті тақырыптар сөз болды. Бүгінде аймақтағы әрбір білім беру ұйымына полиция қызметкерлері бекітілген. Тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Дегенмен, соңғы статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері жасөспірімдер жасаған қылмыс саны көңіл көншітпейді.

СНХ: САҒЫНДЫҚ ЖАНТЕМІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Өткен жылдың статистикасына сүйенсек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен әсіресе мүлікке қатысты құқықбұзушылықтар басым. Мәселен, 78 қылмыс тіркелсе, оның 52-сі мүлікке қатысты. Мұндай жағдайлар көбіне қылмыстық ортаға тап болғандықтан орын алады. Сондай-ақ, тек жеке құқықбұзушылықтар ғана емес, топпен жасалатын қылмыстар да бар. Бұл өз кезегінде бүгінде үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

РКС: Мамандар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа ең алдымен отбасындағы ахуал әсер ететінін айтады. Көбіне үйдегі жанжал мен түсініспеушілік баланы қолайсыз ортаға жетелейді. Осы ретте мамандар жастарға теріс әрекеттердің салдарын түсіндіріп, бейнероликтер ұсынды. Сондай-ақ жасөспірімдерді дұрыс таңдау жасап, заң талаптарын сақтауға шақырды. Себебі «Заң мен тәртіп» бар жерде ғана - қоғам тұрақты дамиды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы профилактикалық шаралар жалғаса бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ