ДИКТОР: Асық ату ойыны – қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық құндылығы, бала тәрбиесі мен рухани мәдениетінің айқын көрінісі. Қарапайым ғана қойдың асығынан бастау алған бұл ойын түрі – ұлтымыздың өмір салтымен, дүниетанымымен тығыз байланысты. Қазақ баласы асық арқылы ептілікке, шыдамдылыққа, жеңіске деген жігерге тәрбиеленген. Ұлттық ойын – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәрбие мектебі. Рухани құндылықтарды дамыту жолында ұлттық спорттың бұл түрі қайта жанданып, халық арасында қолдау табуда.
РКС: Ата-бабамыздан қалған дәстүр қайта түлеп, кәсіби спорт деңгейіне жетті. Облыста 11 ұлттық спорт түрі дамытылуда. Соның ішінде асық атумен 8 мыңға жуық адам айналысады. Спорттың бұл түріне ауыл балалары да әуес. Асық ату ойыны ресми түрде 2019 жылы ұлттық спорт түрі ретінде мойындалып, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінен аккредиттеуден өтті. Бүгінде асық атудың нақты ережелері қабылданған. Бәсеке ұсақ малдың асықты жілігінен алынған жұмыр сүйекпен ойналады, ойын тасының салмағы 11 граммнан кем болмауы тиіс.
СНХ: САМАТ ӘУКЕНОВ, АСЫҚ АТУДАН ОБЛЫСТЫҢ АҒА БАПКЕРІ: Кез келген спортпен теңбіз біз. 2026 жылдан бастап маңызды спор түріне айналдық қой. Биыл 26 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны келе жатыр Қырғызстанда өтетін. Соған да міне қанша көңіл бөліп жатырмыз. Жоспар құрып жатырмыз. Дайындық үстіндеміз. Қазақстан Республикасының құрамасында біздің Ақмоланың үш спортшысы бар. Бұланбай Аслан, Асанқұл Нұрбек, Думан Көгершін. Тағы да биыл Түркістан қаласында үлкен орталық жиын жаттығу болайын деп жатыр асық атудан. Соған да міне үш спортшымыз бұйырса барады.
РКС: Асықпен ойналатын ойынның бірі – «бес асық», ол негізінен қыздар арасында кеңінен танымал. Бестас ойынында саусақ қозғалысы арқылы адамның он екі мүшесіне қимыл жүреді. Ойын жаттығулары бірлік, екілік, үштік және алақан арқылы өтеді. Жарыс барысында ұпай саны 150-ге дейін есептеледі. Бұл спорт түрінің беделді ойыншыларының бірі – Көгершін Думан. «Асық ойындарына деген махаббатым ауылдан басталды. Кейін медицина саласына оқуға түссем де, ұлттық ойынмен айналысуды тастамадым»,-дейді ол.
СНХ: КӨГЕРШІН ДУМАН, АСЫҚ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Әртүрлі мемлекеттерге бардық. Соның бірі біз Еуразия жарысына қатыстық, Анталия қаласында. Одан кейін осы өткен жылы 24-ші жылы бізде үлкен бір жарыс, «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны». Сол жарыста біз қазақтың ұлттық ойынын түсірмей, көшпенділер ойынында бірінші орын иегері атандық. Осы жарыстардан бөлек алдымызда алтыншы дүниежүзілік көшпенділер ойыны дайындық өтеді. Соған оқу, жиын, жаттығулар барлығы жоспар бойынша құрылған. Оған барлық мемлекет бойынша, қазақтың қыздары дайындалып, осы жарыста да туымызды жерге түсірмейміз деген ойымызда бар.
РКС: Ұл балалар да асық ойындарына белсене қатысады, ал кішкентайлар түрлі әдістер мен тәсілдерді сынап көргісі келеді.
СНХ: АБДУЛЛА БАЗАРБЕК, АСЫҚ АТУ ҮЙІРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ: 2022-2021 жылы асық атуға барып бастадым. Себебі, менің әкем мені сол жерге апарды. Мен Түркістанға жарысқа барғанмын. 4-5 метрден артқа барамыз, сосын атамыз. Шертіп ату керек. Асықты шығарсаң шеңберге шығарып ату керексің, шығармасаң қайтадан артқа барасың, сосын қайтадан шығару керексің.
СНХ: ЖАНӘЛИ ЖАСҚАЙРАТ, АСЫҚ АТУ ҮЙІРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ: Мен Айти лицейінің 5-ші сынып оқушысымын. Асықпен ойнап жатқаныма 4-5 жыл уақыт өтті. Асық ату ойынымыз көзірлікке және сабырлыққа көмектеседі. Ересектер 7 метр ойнайды. Ал біз 5-4 метр ойнаймыз. Шеңберле 2 метр болып саналады. Менің тактикам біріншісі ол асықпау.
РКС: Өңірде асық ату спортын ілгерілету мақсатында түрлі ұйымдар мен қауымдастықтар арасында жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ