ДИКТОР: Облыс бойынша бруцеллез ауруының шамалы өскені байқалады. Санитарлық қызметтің мәліметтеріне сәйкес былтыр аймақта 15 адамнан бұл сырқаттың белгісі анықталған. Бұл 2024 жылмен салыстарғанда 5 жағдайға көп. Қазіргі ахуал қандай? Тілші жеткізсін.
РКС: Бруцеллёз инфекциялық ауру. Бұл дерт буындарды, жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйесін зақымдауы мүмкін. Көп ретте ол созылмалы болып кетіп, ұзақ емделуді қажет етуі ықтимал. Негізгі белгілері ретінде ұзақ уақыт дененің жоғары қызуын, әлсіздік, тершеңдік, бұлшық еттер мен буындардың сырқырауын атауға болады. Сырқаттанушылар санының артқанына қарамастан, эпидемиологиялық қызметтің мамандары жағдайдың бақылауда екенін айтуда және тұрақты деп бағалап отыр.
СНХ: ҒАЛЫМБЕК АЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Егер жас санаты бойынша айтсақ, 14 жасқа дейінгі 2 бала мен бір жасөспірімде орын алды. Сәйкесінше байланыста болған 32 адам анықталып, зертханалық тексреу жүргізілді. Байланыста болғандардың арасынан 2 жағдай анықталып, бруцеллез диагнозы қойылды. Осы ретте облыс тұрғындарына ескерте кеткім келіп отыр. Азық-түлікті тек сауда-саттық рұқсат етілген ресми орындардан ғана алу керек. Әр жерде далада сатып тұрған белгісіз саудагерлерге жоламаңыздар.
РКС: Соңғы үш жылда аймақта жұқпалы ауруы бар мал санының біршама азайғаны байқалады. Жиі екпе егіліп, олардың орын ауыстыруы бақыланады. Диагностика жүргізіледі. Былтыр 6 миллион 400 мың бас ауыл шаруашылығы жануары мен құс вакциналанды.
СНХ: АҒЫБАЙ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бруцеллезге және өзге де ауруларға зерттеу жүргізу үшін зертханаға ірі қара малдың 512 мыңнан астам сынамасы жеткізілді. Бұл бір жылдың жоспары. Соның 362-сінен оң нәтиже анықталды. 2024 жылдың сәйкес мерзімінде 738 ірі қара малдан ауру анықталған еді. Біршама төмендеу байқалады.
РКС: Эпидемиологтар малды күтіп-баптау кезінде қорғаныс құралдарын пайдалану маңызды екенін ескертеді. Сүт өнімдерін термиялық өңдеуден өткізіп барып тұтынған абзал. Белгілері пайда болған жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Сырқат ерте анықталса, инфекцияның таралуына және асқынуына жол берілмейді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ