ДИКТОР: Елімізде жаңа Конституцияның жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Құжатта мемлекеттің стратегиялық дамуы мен қоғамдық құндылықтарды нығайтуға басымдық берілген. Өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

РКС: Қазақстан Республикасының негізгі Заңының жаңа редакциясын қабылдау жөніндегі референдум 15-ші наурызға белгіленді. Конституцияның басты өзгерістері жаңа саяси модельді, адам құқықтары мен сот төрелігі, жер және табиғи ресурстар, әлеуметтік-инновациялық бағыттарды қамтиды.

СНХ: АРМАН РАХЫМ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: Конституцияның жаңа жобасында адам капиталына басымдық берілген. Сондай-ақ бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім, Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде айқындалған. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгерілмейтін құндылықтар қатарына енгізілген. Әділеттілік, Заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілмек. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақты тұжырымдалған.

РКС: Жаңа жоба саяси құрылымға да бірқатар өзгеріс енгізуді көздейді. Билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі күшейтіліп, мемлекеттік басқару жүйесі жетілдірілмек.

СНХ: ҚУАНЫШ СЕЙІТЖАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қарапайым қалық үшін оң өзгерістер біріншіден басқару жүйесінде өзгеріс болады. Басқару жүйесі жалпы Президентіміздің негізгі ұстанымдарының бірі, халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін деген философия, яғни мұнда басқару жүйесі түбегейлі, басқару жүйесіндегі, билік жүйесіндегі философия түбегейлі өзгергеннен кейін міндетті түрде бұның халықтың тірлігіне, қоғамның өміріне оң ықпалы болатын анық.

РКС: Сарапшылар ауқымды өзгерістер елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртып, қоғам сұранысына жауап беретін тиімді модель қалыптастыруға бағытталғанын айтады. Жаңа Конституция жобасы мемлекет дамуының келесі кезеңін айқындайтын маңызды құжат болмақ.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ