ДИКТОР: Елімізде 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында балалардың құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және олардың жалпы әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, биыл Қазақстанда алғаш рет «Қазақстан балалары» ұлттық кампаниясы ұйымдастырылып, әр баланың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілді. Осы ретте, өңірде 22 мамыр мен 1 маусым аралығында 1610 мәдени-ағартушылық іс-шара жүзеге асырылды. Балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсарту мақсатында мектептерде психологиялық қызметтер ұйымдастырылған. Бұл туралы арнайы өткізілген брифингте мәлімделді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Өңірде балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірнеше маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Жетім балаларға арналған тәлімгерлік институты енгізілді. Қазіргі уақытта 70 балаға 35 тәлімгер жетекшілік етуде. Биыл балаларды қорғау бойынша жаңа заңдар қабылданды. Оның ішінде балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және қоғамдық көліктегі балалар қауіпсіздігін арттыру көзделген. Өңірде балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсарту үшін әр мектепте психологиялық қызметтер жұмыс істейді.

СНХ: БОТАГӨЗ ДҮЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл Қазақстан балалары ұлттық компаниясы өтуде. 22 мамыр мен 1 маусым аралығында үлкен іс-шаралар жүргізілуде. Бұл өзі әр күн мемлекеттік әрбір органға белгіленген күн. Бүгінгі күні облыс бойынша 1600-ден астам ұлттық компания басталғаннан бері жақсы жақсы шаралар өтуде. Жалпы енді балаларды қорғау күні дегеннен кейін әрине, бұл жыл бойы атқарылатын жұмыс аясында бізде 111 байланыс орталығы бар. Ең бірінші мемлекеттік ұйымдардың алдында тұрған мақсат ол кез-келген баланың өміріне қауіпсіздікті сақтау. Осыған егер 111 байланысқа түскен әртүрлі телефон шалған адамдар болса, сол балалардың қауіпсіздігін және балалардың өмірін қорғау. Сондықтан әрбір бала өзінің балалық шағының бақытты болуына лайықты.

РКС: Төтенше жағдай департаменті тарапынан да балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды шара ұйымдастырылуда. Облыстың барлық бөлімшелерінде ашық есік күндері, арнайы техниканың көрсетілімі мен құрал-жабдықтарды таныстыру жұмыстары жүргізілді.

СНХ: РЕНАТ ВАЛИШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Онда балалар біздің бөлімшелеріміздің жұмысымен тікелей танысты. Бұдан бөлек, акция барысында балалардың терезеден құлау мәселесі және жазғы суға шомылу маусымына дайындық мәселелері қаралды. Сондай-ақ, кеше және бүгін Көкшетауда үлкен акциялар өткізілді. Біз барлық әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, ересектердің назарын аударуға бағыттадық.

РКС: Сондай-ақ, биыл өңірде 30 балаға арналған бейімдеу орталығы ашылмақ. Жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдар мен бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ