ДИКТОР: Қосшыда агроөнеркәсіпті дамытуға арналған маңызды кездесу өтті. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Ақмола облысына арнайы келген Эстония делегациясымен кездесу өткізіп, өңірдің агроөнеркәсіптік кешені бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Делегация құрамында ірі логистикалық компаниялардың, порттар мен теміржол саласының өкілдері бар. Олар өңірдің агроршыларымен серіктестік орнатуға ниетті.
РКС: Эстония тарапынан Ақмола облысына ерекше назар аударылып отыр. Делегация сапарының басты мақсаты – өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін еуропалық нарыққа тиімді жолмен экспорттаудың нақты тетіктерін қарастыру. Кездесу барысында қос тарап өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін Эстония порттары арқылы Еуропа елдеріне жеткізу мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың болашағы зор екенін атап өткен облыс әкімі Марат Ахметжанов, өңірдің аграрлық әлеуетіне кеңінен тоқталды. Ол Ақмола облысы – Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын ірі агроөнеркәсіптік аймақ екенін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ақмола өңіріне, Қосшы қаласына қош келдіңіздер!. Қосшы Ақмола облысының аумағында орналасқан – облыстық маңызы бар қала. Ақмола облысы - Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жүрегі. Мұнда 9 мыңға жуық агроқұрылым бар. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1 миллиард 600 миллион еуро көлемінде өнім шығарады. Жыл сайын 2,5 миллион тоннадан астам өнім алыс және жақын шетелдерге экспортталады.
РКС: Айта кетейік, Эстониямен ынтымақтастық былтыр басталған. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 112,7 мың АҚШ долларын құрап, 31,5%-ға артқан.
СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мұндағы екі үлкен порт бұл жалпы евро союздағы ең үлкен порттар болып саналады. Осы екі порт арқылы біздің сапалы өндірілген бидайларымызды ары қарай экспорттауға мүмкіндік туып отыр. Қазірдің өзінде осы іс-сапар нәтижесінде біздің Ақмола облысынан 50 000 тоннадан астам бидай экспортталды. Біздің ендігі мақсатымыз көлемді әрі қара кеңейтіп, біздің сапалы астығымызды сол жоғарыға тиімді бағамен Европа елдеріне экспорттау.
РКС: Мууга терминалы — Эстониядағы ең ірі астық логистикалық орталықтарының бірі. Терминалдың бас директоры Ян Липинский Эстонияның транзиттік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, Қазақстан үшін Еуропа нарығына шығатын тиімді хаб бола алатынын жеткізді. Оның айтуынша, Мууга терминалы жыл сайын 2,5 миллион тоннаға дейін астықты өңдеуге және өткізуге қабілетті.
СНХ: ЯН ЛИПИНСКИЙ, «MUUGA GRAIN TERMINAAL» АСТЫҚ ТЕРМИНАЛЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Себебі Эстонияның үлкен әлеуеті бар және қазіргі транзиттік инфрақұрылым жақсы дамыған. Мұнда 300 мың тоннаға арналған ірі элеватор орналасқан. Терминал жылына шамамен 2,5 миллион тонна астықты өткізе алады. Бұл Ақмола облысы үшін елеулі экспорттық мүмкіндік. Ең бастысы – бірлескен жұмыс Қазақстан үшін жаңа нарықтардың ашылуына жол ашады. Соның ішінде қазіргі таңда қазақстандық экспорттаушылар мұқият зерттеп жатқан Еуропа нарығына шығуға да үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болып отыр.
РКС: Сондай-ақ, Эстониядағы Силламяэ портының президенті Тийт Вяхи Ақмола облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Айта кетейік, Қазақстан мен Эстония арасындағы логистикалық шығындарды азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі астық тасымалына 30 000 теңге көлемінде субсидия бөлуді мақұлдады. Бұл шара отандық диқандардың өнімін Еуропа нарығында бәсекеге қабілетті етуге бағытталған. Қазақстан мен Эстония арасындағы тиімді логистикалық байланыс ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейтіп, жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік бермек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ