ДИКТОР: Жақсы ауданындағы 300-ден аса тұрғыны бар Терісаққан мен Қазақстан ауылдары және оның 3 бөлімшесі аудан және облыс орталығымен автокөлік байланысынан үзілді. Осыдан 46 жыл бұрын салынған көпір былтырғы су тасқынына шыдас бермей, апатты деп танылып, автокөлікпен жүруге тыйым салынды. Ал, былтыр ғана салынған айналма жолдағы өткелді биылғы су тасқыны шайып кетті. Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалы.

ИНТЕРШУМ:

STAND-UP: БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 1981 жылдары салынған бұл өткел ешқашан жөнделмеген. Былтырғы су тасқынынан кейін мүлдем жарамсыз боп қалғандықтан, ауыр көлік түгілі жеңіл машинаның жүруіне де тыйым салынды. Салдарынан 300-ден аса тұрғыны бар Терісаққан мен Қазақстан ауылдары көлік байланысынан үзілді. Енді тұрғындар ұзындығы 300 метр болатын көпірді жаяу жүріп өтуге мәжбүр.

РКС: 5 ауылды аудан орталығымен байланыстыратын көпір елді мекендерден шамамен 60 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан бұл жерге көлікпен келген тұрғындар, оны көпірдің жанына қалдырып, қарсы бетке жаяу өтіп, таксиге отырады.

СНХ: РУСЛАН АҚАНОВ, ҚИМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Былтырдан бері осылай жүрміз, мотоциклмен, атпен. Анау жақта фазендам бар. Сол жұрттың малдарын жинап бағамыз. Осылай тамақ тасып жүрмін мотоциклмен. Жұрттар өте алмайды, машинаны арғы жағына қойып, мына жағына жаяу жүріп. Қиындау енді, қашан істейді бұны енді.

СНХ: РАМАЗАН СЕЙІТЖАПАРОВ, ҚИМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жаяу суын, тамағын тасиды 300 метр ғой мосымыз. Қазір такси дегенің осы шаруаны пайдаланып, бағасын көтеріп жібереді олар. Мына жақта өткел салған, оның суы қай уақытта кебеді, июнь, июльдің аяғында кебеді.

РКС:Көпір арқылы автокөлік қозғалысы толық тоқтатылғанына 1 жылдан асты. Қираған көпірдің салдарынан 5 елді мекенге шұғыл медициналық көмек бармайды, ал азық-түлік пен дәрі-дәрмек, басқа да қажет заттарды жеткізу қиын,- деп дабыл қағуда.

СНХ: ОЛЖАС ӘБЖАНОВ, ЖАҚСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 2025 жылғы наурызда көпір салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін жаңа көпір құрылысына қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім беріледі.

РКС:Жаңа көпірді салу бір жылдың жұмысы емес, -дейді жауапты орган өкілдері. Себебі, құрылыс жылдамдығы тек мердігерге ғана емес, мемлекеттен бөлінетін қаражатқа да байланысты екенін айтады.

СНХ: ЖҰМАБЕК ХАЙРОЛЛА, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жоба құны шамамен 8 млрд теңге. Мемлекеттік сараптама өткізгеннен кейін құны нақты белгіленетін болады.

РКС: Есіл өзеніндегі су деңгейі төмендегеннен кейін уақытша салынған өткелді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Ал, әзірге бес ауылдың тұрғындары үшін аудан орталығы мен Атбасар қаласына аптасына екі реттен тегін тасымал ұйымдастырылған.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ