ДИКТОР: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы көрермен назарына адамгершілік пен ұрпақ тәрбиесі тақырыбын арқау еткен әсерлі қойылымның премьерасын ұсынды. Сахна төрінде Төлен Әбдіктің «Ер Сейіт пен қыз Бәтес» шығармасының желісі бойынша «Өтелмеген парыз» драмасы сахналанды.
РКС: Өзегін өкініш өртеген ақсақалдың қайғысы, қоғамдағы рухани құлдырау мен адамдық қасиеттің құнсыздануы – спектакльдің басты өзегі. Қойылымда ұлының мезгілсіз қазасынан кейін тіршіліктің мәнін жоғалтқан Қожабек қарияның өмір жолы, адами болмыс пен ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері терең суреттеледі. Ауылда шерменде болып қалған Қожабек ақсақал алыс қаладан немересі бар екенін естіген соң, шындықты білмекке сапар шегеді. Алайда, ұлының өзіне лайықсыз әрекеттері жайлы тосын жайттармен бетпе-бет келген ақсақал, немересі үшін ұлынан өтелмеген парызды өзі арқаламақ болады. Бірақ тағдыр оған да оңайлықпен жол аша қоймайды.
СНХ: БААТЫРБЕК ШАМБЕТОВ, «ӨТЕЛМЕГЕН ПАРЫЗ» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ: Бұл қоғамдағы қазір біздің қыздардың қорғалмандығы, қамқорсыз қалғандығы. Ер адамдардың қыз балаларға деген ерекше бір қамқорлығы жетіспей жатқандығы байқалады. Менің көзқарасымда осы спектакль арқылы қоғамның жарасын ашқанға тырыстым. Бұл шығарма көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамын. Бала тәрбиесіне көбірек бөлуіміз керек, қыздарға деген қамқорлықты күшейтуіміз керек.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Сахнада жүріп жатқан оқиға көрерменді бей-жай қалдырмады. Қойылымның әр сәті залда отырғандардың жүрегіне жетіп, көзге жас үйірді. Әртістердің шынайы шеберлігі мен рольге терең енуі қойылымның әсерлі өтуіне үлкен сеп болды.
СНХ: ЕРЖАНАТ БАЙҚОНЫС, КӨРЕРМЕН: Өте жоғарғы деңгейде қойылған. Актерлардың ойыны, барлығы жоғары деңгейде болды. Біздің театрда болмаған үлкен трагедиялардың бірі деп ойлаймын. Көрерменнің жүрегіне актерлардың ойнаған ойындары жете білді деп есептеймін. Қойылымнан түйген рухани ойларым көп. Әкенің балаға деген махаббаты, баланың оқуы туралы қаншама көптеген деректер берілді. Солардың барлығынан ой түйдім. Бір сөзбен айтқанда қойылым өте қатты ұнады. Осындай қойылымдар біздің театрымызда көп болсын! Шахмет Құсайынов театры дами берсін!
РКС: Көрермендер Қожабек қариямен бірге күрсінді. Баласынан айырылған ананың зары жүректі шымырлатты. Қойылымды тамашалауға Сәкен Сейфуллин ауылынан арнайы келген Гүлсара Әшкенова да алған әсерін жасыра алмады.
СНХ: ГҮЛСАРА ӘШКЕНОВА, КӨРЕРМЕН: Өзім жыладым. Өзімнің де балаларым сондай болған. Қайтқан ұлым. Сол есіме түсіп, ешқандай тұяқ қалмаған, сондықтан мен де жылап. Жақсы болды. Аянышты, жақсы қойылым болды. Рахмет.
РКС: «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық тәмсілін арқау еткен спектакльде ұлының соңында қалған ұрпағын тауып, сол арқылы өмірге қайта оралғандай күй кешкен қарттың үміті ақталмай қалады. Баласының ар алдында өтей алмай кеткен парызын өз мойнына алғысы келгенімен, немересінің анасы оған бұл мүмкіндікті бермейді. Бұл – тек бір отбасының трагедиясы емес, бұл – бүкіл қоғамның жарасы. Спектакль соңында көрермен ұзақ қол соғып, әртістерді сахнадан жібергісі келмеді. Бұл – қойылымның көрермен жүрегінен орын тапқанын білдірсе керек. «Өтелмеген парыз» – өтпелі сәттің емес, өмірдің өзін сахнаға алып шыққан шығарма. Қоғамның айнасына айналған бұл қойылым тек өткенге емес, бүгінгі күнге де, ертеңгі ұрпаққа да ой салады.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ