ДИКТОР: Косаревтер әулетінің Атбасар электровоз жөндеу зауытындағы еңбек өтілі 60 жылдан асады. Қазір осы әулеттің өкілі Евгений Косарев аталған зауытта бас инженер, сапаны бақылау бөлімінің талдаушысы болып жұмыс істейді. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Евгенийдің осы зауыттағы еңбек өтілінің өзі 30 жылдан асып отыр. Кәсіпорынға 1989 жылы келіпті. Атасы Петр Косарев паровоз, тепловоз және электровоз машинисі болып 1960 жылдан бастап жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Әкесі Валерий болса осы салаға 1974 жылы келіп, еңбек жолын слесарь болып бастап, инженер, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы лауазымына дейін өсті. Осы зауытта 2005 жылға дейін еңбек етті.

СНХ: ЕВГЕНИЙ КОСАРЕВ, ЭЛЕКТРОВОЗ ЖӨНДЕУ ЗАУЫТЫ САПАНЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ ТАЛДАУШЫСЫ: Мектепте оқып жүрген кезімде осы жерге келіп практикадан өтетінбіз. Мектепті бітірген соң осында токарь, слесарь болып жұмыс істедім. Содан кейін «Качество» бағдарламасы іске қосылды. Электровоздарды жөндеуге қабылдау және жөнделгендерін тапсырып отырдым. Осында отбасын құрдым. Ұлым қазір Ресейде оқып жүр. Біздің кезіміздегідей теміржол саласымен оның байланысы болған жоқ.

РКС: Евгенийдің ағасы Дмитрий де еңбек жолын осы зауытта 1993 жылы бастады. Қазір «Кнорр-Бремзе Қазақстан» серіктестігінің бас директоры. Екінші ағасы Сергей Косарев Қазақстандағы электровоз құрастыру зауытында еңбек етуде.

СНХ: ОЛЖАС ӘЛІБАЕВ, САПАНЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Евгений Валерьевич біздің кәсіпорында 33 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Өз саласында өте тәжірибелі маман. Қазір инженер-талдаушы. Яғни пойызаралық жөндеуді сараптайды. Пойыздардың жүру қауіпсіздігін тіркейді. Жұмысын жақсы біледі. Ұжымда беделді. Өте талапшыл. 7 жылдан бері таныспыз. Өте жанашыр, қашан да көмектесуге дайын тұратын жан.

РКС: Мұндай әулеттер бірегей кәсіби дағдыларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Теміржол саласында жұмыс істеу отбасылық тәжірибе арқылы үйренетін техникалық процестерді терең түсінуді талап етеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.