ДИКТОР: Ақмола облысында діни қауіпсіздікке қатысты бақылау күшейді. Аймақта заңсыз діни контентті анықтау, радикалды идеологияның алдын алу шаралары бірнеше есеге артқан. Қауіпті ағымдарға қарсы қандай нақты нәтижелер бар? Тілші баяндайды.
РКС: Ақмола облысы – діни ахуалы тұрақты өңір. 189 діни ұйым тіркелген: 86 ислам, 50 православие, 40 протестант, 11 католик шіркеуі бар. 151 діни нысан жұмыс істейді.
Аймақта 26 миссионер тіркелсе, оның дені шетел азаматы. Облыстық дін істері басқармасы осы ұйымдармен үйлесімді жұмыс жүргізіп, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтап келеді.
СНХ: НҰРКЕН ТІЛЕУБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Зайырлы принципті түсіндіру, азаматтардың діни сауаттылығын көтеру, діни теріс ағымдарға түсіп кетпеу ең алдымен осыларды алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Теріс діни ағымға түсіп кеткен азаматтарымыз өкінішке орай көп. Оның себебі интернет. Әлеуметтік желілерде дінді теріс насихаттап жүрген уағызшыларды көреміз. Солардан неше түрлі білім алып алады да, дінді керемет білетін адам болып шыға келеді. Олармен біздің теологтар жұмыс істейді. Оларды ең бірінші Қазақстанның қоғам құндылықтарына бейімдеу керек.
РКС: Дін саласындағы қауіптің негізгі бөлігі интернеттен басталатыны жасырын емес. Арнайы жүйелер арқылы биылдың өзінде 500-ден астам заңсыз діни материал анықталып, бұғаттауға жіберілген. Деструктивті діни топтардың ықпалына түсіп, 55 мыңға жуық қолданушы белгіленіп, оларға жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері ақпараттық-түсіндіру топтары 7 мыңнан астам шара өткізді. Оған 68 мың адам қамтылған. Әсіресе жастар аудиториясы басты назарда.
СНХ: АЗАМАТ ҚАЗЖАН, ОБЛЫСТЫҚ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ НАСИХАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Биыл «Киберқадағалау» бағдарламасы аясында интернет ресурстарда анықталған деструктивті діни контентке қатысты 453 материал жүйеге енгізілді. Бұдан бөлек, «аналитикалық интернет карта» бағдарламасы бар. Бұл жүйе интернет кеңістігіндегі діни ахуалды тұрақты түрде бақылап, радикалды идеологиялар мен экстртемистік әрекеттерге қатысты деректерді жүйелі түрде тіркеп талдаймыз. Радикалды топтардың жазылымынан шығу бойынша ағымдағы жылы мамандармен 4885 түрлі форматта шаралар жүргізіп, нәтижесінде 850 адам радикалды топтан шығарылды.
РКС: Мамандар қабылданып жатқан кешенді алдын алу шаралары өз жемісін беріп отырғанын алға тартуда. Соның арқасында өңірдегі діни ахуал тұрақты. Рухани қауіпсіздік деңгейі толық бақылауда.
СӘНИЯ ЕСМІСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ