ДИКТОР: Елде онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны артып отыр. Мәселен, биыл өңірде ас қорыту жүйесі ауруларына қатысты 250-ге жуық онкологиялық жағдай тіркелген. Қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында шаһардағы онкологиялық емханада ай сайын Ашық есік күні өткізіледі. Бұл жолғы шара асқазан, ұйқы безі және бауырдың қатерлі ісіктерін анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

РКС: Қала тұрғыны Тұрар Әбдікәрімова осыдан бірер жыл бұрын асқазан жарасына операция жасатқан. Бұл жолы ол профилактикалық тексеруден өту үшін хирургтың қабылдауына келген екен.

СНХ: ТҰРАР ӘБДІКӘРІМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Дәл осы онкологиялық орталықта, онкологқа қаралуды көптен бері ойлап жүрген едім. Мұндағы медициналық құрал-жабдықтар заманауи, бәрі жаңа. Былтыр мамырда тексеруден өткенмін. Биыл қайта келіп, онкологиялық аурудың бар-жоғын білу үшін қаралдым. Дәрігер маған учаскелік дәрігер арқылы қажетті тексерулерді нақты белгілеп берді. Соның арқасында барлық тексеруден тез өттім. Алдағы уақытта қайта келіп, ультрадыбыстық зерттеу мен ФГДС-тен өтемін.

РКС: Ашық есік күні аясында өңір тұрғындары бейінді мамандардан тегін әрі жолдамасыз тексерістен өтуге мүмкіндік алды. Пациенттің жасы мен тұрғылықты мекені маңызды емес. Басты мақсат - ауруды дер кезінде анықтау. Қабылдауды бірден бірнеше маман жүргізді. 60-қа жуық адам дәрігер кеңесін алып, тексеруден өтті.

СНХ: МҰРАТ КАРИНОВ, ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ РАДИОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Бүгін онколог дәрігерлер, ультра-дыбыстық зерттеу, ФГДС және компьютерлік томография мамандары қабылдау жүргізді. Бұл акция еліміздің барлық өңірінде ай сайын өткізіледі.

РКС: Елімізде жыл сайын 41 мыңға жуық қатерлі ісіктің жағдайы тіркеледі екен. Оның 7 проценті, яғни 3 мыңға жуығы – асқазан обыры. Иә, статистика алаңдатарлық. Дегенмен, кеселдің алдын алуға болады. Мамандар дертті бастапқы кезеңде анықтау үшін тұрақты медициналық тексеруден өту маңызды,-дейді. Себебі дер кезінде басталған емнің нәтижесі тиімді. Бұл жолы дәрігерлер 2 адамнан қатерлі ісіктің белгілерін анықтады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ