ДИКТОР: Көкшетауда Тәуелсіздік күні қарсаңында дәл бүгін қала өміріне серпін беретін екі бірдей маңызды нысан – заманауи «Көкше Арена» көпфункционалды спорт кешені мен «Rio» сауда-ойын-сауық орталығының екінші бөлігі пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешені кәсіби спортшыларды даярлауға және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге кең мүмкіндік ашса, «Rio» сауда-ойын-сауық орталығы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, қызмет көрсету саласының дамуына тың серпін бермек.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Елде баламасы жоқ бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бір жыл ішінде салынды. Жобаны жүзеге асыруға арнаулы мемлекеттік қордан 12,6 миллиард теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен қосымша 290 млн теңгеден астам қаражат бағытталды. Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин, аралас жекпе-жек спортшысы Шавкат Рахмонов және аймақ басшысы Марат Ахметжанов қатысты.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгін біз аймақ үшін аса маңызды көптен күтен оқиғаға куә болып отырмыз. Ашылып жатқан Көкше арена көпфункционалдық айрықша спорт кешені бәрімізге құтты болсын. Бұл аймақ үшін аса тарихи сәт. Ең алдымен осындай керемет нысанның салынуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс білдіреміз.
РКС: Жаңа спорт кешенінде 650 орындық, заманауи мультимедиялық жүйелермен жабдықталған көрермен залы, скалодром мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы қарастырылған. Сондай-ақ бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары олимпиадалық стандартқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Кешен бір мезетте мыңға жуық адамды қабылдай алады.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мұнда бокс залы бар. Бізде өздерінің білесіздер, бокстан жақсы жетістіктер бар. Бұрын біздің мамандандырылған залдар болмаған. Енді біздің спортшылармыз үшін жақсы мүмкіндік. Енді олар жақсы жағдайда жаттығу жасайды. Бұдан бөлек біздің цокольда паралимпиада спортшларына арналған зал бар. Бізде паралимпиададан әлем жүлдегерлері бар. Биыл жалпы Ақмола облысы бойынша 15 спорт кешені ашылды. Бұл он бесінші кешен. Жылдың соңына дейін Бестөбеде спорттық- сауықтыру кешені ашылады.
РКС: Бұл – өңірде қайтарылған активтер есебінен салынған екінші спорттық инфрақұрылым нысаны. Бұған дейін Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған. Жергілікті тұрғындар жаңа спорт кешенінің қала жастары үшін үлкен мүмкіндік ашып, бұқаралық спорттың дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Салтанатты шара барысында арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар таяуда ғана Олимпиада ойындарынан жүлдемен оралған спорт шеберлерін құрметтеп, оларға марапаттар табыстап, лебіздерін білдірді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН, WORLD BOXING ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл залда спортшылар өз шеберлігін шыңдап, дәл осы жерден әлем және Олимпиада чемпиондары тәрбиеленіп шығатынына зор сеніміміз бар. Ұлттық Олимпиада комитеті президентінің атынан айтарым, біз барлық спортшыларымызды халықаралық аренадан күтеміз және ел намысын қорғауда тек ең жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз.
РКС: Сондай-ақ Көкшетауда бүгін жаңа сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. Бұл нысан – қаладағы ең заманауи әрі тартымды демалыс орындарының бірі. Сауда орталығы тек дүкендермен шектелмей, тұрғындар мен қонақтар үшін демалып, отбасымен және достарымен уақыт өткізуге арналған кең lifestyle форматында жобаланған.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АРМАН ТӘШЕНОВ, «BOTAI DEVELOPMENT» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Мұнда қалада алғаш рет Kinoplex компаниясының заманауи көпзалдық кинотеатры ашылды, сонымен қатар биік аттракциондары бар балалар паркі, фудкорттағы әртүрлі асханалар, мейрамханалар мен сәнді бутиктер тұрғындар мен қонақтарды қарсы алады. Көкшетауда алғаш рет Adidas, Marwin, Madame Coco сияқты танымал бренд дүкендері ашылып отыр. Кешеннің бірегей ерекшелігі – қолданыстағы ғимараттарды жаңа нысанмен жерүсті өткелі арқылы біріктіргеніміз.. Ұзындығы шамамен 50 метр, биіктігі 6 метр, ені 16 метр болатын бұл өткел панорамалық әйнекпен жабдықталып, мешітке керемет көрініс ашып, келушілерге жайлы серуендеуге мүмкіндік береді.
РКС: Мұнда көлік тұрағы да толық шешілген. Сауда орталығының аумағында автотұрақ барлық стандарттарға сай жоспарланған. Базар мен қолданыстағы нысандардың айналасында мыңнан астам автотұрақ орындары қарастырылған. Жаңа сауда үйі үшін арнайы шамамен 220 автотұрақ бөлінген, оның ішінде кіреберіс жолдар, айналу аймақтары, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілер кеңістіктері есепке алынған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ