ДИКТОР: Көкшетауда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығына арналған «Смағұл Сәдуақасұлы: елшілдік пен кәсібилік өнегесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мамыр айында бастау алған мерейтойлық шаралар легі еліміздің бірқатар өңірін қамтып, Көкшетау төрінде түйінделді. Жиынға Қазақстанның белгілі тарихшылары, ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысты.

РКС: Смағұл Сәдуақасұлы - 20-шы ғасырдың 20-жылдарындағы аса ірі көрнекті тұлға. Ол қазақ елінде жаңа білім жүйесінің негізін қалап, алғашқы жоғары оқу орындарының ашылуына тікелей мұрындық болды. Конференцияда Смағұл Сәдуақасұлының елдік пен мемлекетшілдік жолындағы қызметі, ұлттық территорияның тұтастығын сақтаудағы рөлі кеңінен сөз болды.

СНХ: ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ: Смағұл жалпы білім министрі болғанға дейінгі қызметі ол – жоспарлау комиссиясын басқарды, госплан деп аталады. Сонда жердің тұтастығына, жердің тұтастығы – елдің тұтастығы деген дүние бар. Омбыда қызмет жасады. Сол Омбыда жүрген кезде, ол кезде қазақтың территориялық тұтастығы деген өте бір күрделі кез болды. Большевиктердің Қазақстанның солтүстік өңірінің бәрін Сібір ревком арқылы Сібірге қаратамыз деп жатқан кез болатын. Соның барлығын Смағұлдар өте сауатты, дәлелді қимылдап, қазақтың бүгінгі солтүстіктегі 5 облысын аман алып қалуға, сонымен бірге Семей облысы деп аталады, Семипалат губерниясы – соның бәрін аман алып, Қазақстанға қослыуына себепші болды.

РКС: Биыл егемен ел атанғанымызға 34 жыл. Тәуелсіздікке жету - халқымыздың сан ғасырлық күресі. Қазақ зиялылары - Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, хакім Абай және Алаш қозғалысы қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалап, ел еңсесін көтеруге зор үлес қосты. Ұзақ жыл тарихи әділетсіздік салдарынан есімдері көмескіленген олар, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұлықтала бастады.

СНХ: АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Биылғы жыл Алаш елі үшін, қазақ халқы үшін ерекше жыл. Айтулы мерейтойларғы толы жыл. Биыл Абайдың 180 жылдығын, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығын, сонымен қатар, қазақтың біртуар ұлы мемлекеттік қайраткер, тұлға жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Шын мәнінде 90-шы жылдарға дейін айтулы, бір бағытта зерттелген жоқ. Тек қана тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы ақтаңдақтардың бетін ашуға мүмкіндік туды. Осы ұлыларымызды ұлықтау, олардың мұрасын ұрпаққа жеткізу біз үшін аманат болып табылады. Ғалымдар үшін, мамандар үшін үлкен парыз. Егер біз тәуелсіздігімізді осындай ұлылармен ұлықтап отырсақ, мен ойлаймын тәуелсіздігіміз, еркіндігіміз, азаттығымыз ұзағынан баянды болады деп.

РКС: Шаһардағы агротехникалық институттың Смағұл Сәдуақасұлының атымен аталуы да тегіннен-тегін емес. Ол ауыл шаруашылығын жаңғырту, кооперацияны дамыту, өндірісті ауылға жақындату идеяларын ұсынған. Бұл идеялар бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Смағұл Сәдуақасұлының еңбегі әлі де терең зерттеуді қажет етеді,-дейді мамандар.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ