ДИКТОР: Шаңғы жарысынан командалық есепте Ақмола облысының құрамасы бірінші орынға шықты. Щучинск қаласында ауыл жасөспірімдерінің IV республикалық қысқы ойындары аяқталды. 6 күн бойы еліміздің әр өңірінен келген спортшылар үш бағыт бойынша бақ сынасты. Соңғы кезең шаңғы жарысы болды. Бұл сайыстарда қай өңірдің бағы жанды? Тілші баяндасын.

РКС: Шаңғы жарысына еліміздің 11 аймағы өз командасын әкеліп қосты. 220-ға жуық спортшы төрт бағыт бойынша сынға түсті. Жеке-дара спринт, классикалық және коньки стиліндегі жеке жарыстар және эстафеталық сайыстарда үздіктер анықталды.

СНХ: АЛЕКСАНДР ТКАЧУК, ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫНАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Ауылдан шыққан спортшылар болашағынан зор үміт күттіретін, әлеуеті жоғары сайыскерлер, бұл әрине қуанышты жағдай. Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының спортшылары ерекше көзге түседі. Өзге өңірлер де осал емес. Еліміз бойынша халықтың басым бөлігі елдімекенде тұрады. Үздік спортшы-шаңғышылар дәл сол ауылдан шыққандар, үздік нәтиже көрсеткендер де солар.

РКС: Бурабай ауданының шаңғышысы Александр Жуков үздік спортшының бірі атанды. 4 жылдан астам спорттың осы түрімен айналысып келеді. Жарыстың алғашқы күндеріндегі қытымыр ауа райына қарамастан ол жақсы нәтиже көрсетті.

СНХ: АЛЕКСАНДР ЖУКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚҰРАМАСЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ: Алғашқы жарыс классикалық жүрістен болды, күн өте салқын, қарсыластар да осал емес. Бұл сайыста мен бірінші орынды еншіледім. Жарыстың екінші күні конькиден спринт өтті. Ол жерде төртінші келдім. Жартылай финалда жақсы уақыт көрсеткеніммен, финалда өз қателігімнен қарсыластарым басып озып, үшінші орынға шығып қалдым. Эстафетада Ақмола облысы ең мықты болды, нәтижесінде бірінші орын алды.

СНХ: АЛЕКСЕЙ СКОРОХОД, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Ең мықтылардан команда жасақтадық. Біздің өңірдің мықтыларынан құралған командада 30 адам бар. Жас ерекшелігі бойынша әр топта 5 спортшыдан. Соңғы он күн бойы алаңсыз жаттығуымызға жағдай жасаған басшылыққа алғысымды білдіргім келеді. Соның нәтижесі де жақсы болды.

РКС: Шаңғы жарысының қорытындысы бойынша ұлдар мен қыздардың Ақмола құрамасы командалық есепте бірінші орынға шықты. Алматы облысының командасы күміс жүлдегер атанса, Қостанай өңірінің құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Ал Шығыс Қазақстан облысының спортшылары ауыл жасөспірімдерінің IV республикалық қысқы ойындарының жеңімпазы атанды. Екінші орын Қостанайдың командасына бұйырса, Ақмола облысы қолда жүлдені еншіледі.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ