ДИКТОР: «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін». Көкшетауда этнос өкілдеріне арналған «Мәміле» мемлекеттік тілді дамыту клубы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Клубқа келушілер қазақ тілінде кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, ауызекі тілдесу мәдениетін жетілдіре алады. Мұнда тыңдаушылар күнделікті қарым-қатынаста, сондай-ақ жұмыс барысында мемлекеттік тілді еркін әрі сауатты қолдануды үйренеді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: «Мәміле» клубының жұмыс істей бастағанына 2 жылдан асты. Мұнда тіл үйрену тек грамматикамен шектелмей, ұлттық құндылықтарды тану арқылы да жүзеге асады. Ең бастысы – клубқа келем деушілер үшін жас ерекшелігіне қатысты ешқандай шектеу жоқ, яғни мемлекеттік тілді меңгергісі келетін әрбір азаматқа есік ашық.

СНХ: НИЛУФАР ТУРСИМЕТОВА, «МӘМІЛЕ» КЛУБЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ: «Мәміле» клубына Ассамблея мүшелерінен бөлек, кез келген адам қатыса алады. 7 жастан 70 жасқа дейін адамдар келе алады. Қазір курста 60-тан астам оқушы бар. Әр сабақта 30 адамнан келеді.

РКС: Сабақ барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде, кәсіби ортада және ресми қарым-қатынаста қазақ тілін еркін әрі сауатты қолдану дағдыларын меңгереді. Түрлі тәжірибелік жаттығулар, пікір алмасу, еркін сұхбаттар мен тілдік ойындар арқылы қатысушылардың сөйлеу белсенділігі артып, өз ойларын анық, жүйелі әрі әсерлі жеткізу қабілеті қалыптасады.

СНХ: МИЛАНА ЛЕДЭ, КУРСҚА ҚАТЫСУШЫ: Бұл клубта мен қазақ тілінде еркін сөйлей аламын, өз ойымды білдіре аламын және тіл мәдениетін дамыта аламын. Мен сабаққа 4 айдан бері қатысып келемін. Мен үшін мемлекеттік тілді үйрену – ол үлкен жауапкершілік деп білпмін. Себебі, қазақ тілін меңгеру – Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың қасиетті борышы деп білемін. Мемлекеттік тілді оқи отырып, мен еліміздің мәдениеті мен рухани құндылықтарын тереңірек түсінемін. Мен Абайдың Қара сөздерін түпнұсқадан оқуды армандаймын.

СНХ: АЛИНА КУБИНСКАЯ, КУРСҚА ҚАТЫСУШЫ: Мен ұлтым орыс болғанымен, Қазақстанда туғаннан бері өмір сүріп келемін. Қазақ тілін белгілі бір деңгейде меңгергенмін, бірақ оны тереңірек түсініп, еркін сөйлей алу үшін осы клубқа жазылдым. Бұл жер маған тілді тәжірибе жүзінде жетілдіруге, сөздік қорымды байытып, өзімдегі тілдік кедергіні еңсеруге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Менің ойымша, «Мәміле» клубы – қала тұрғындары үшін тегін тіркеліп, мемлекеттік тілді дамытуға керемет мүмкіндік.

РКС: Аталған клуб Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанында әр аптаның сенбісінде тұрақты түрде жұмыс істейді. Мұнда қазақ тілін үйренуге ынталы жандар үшін еркін қарым-қатынасқа негізделген, тиімді әрі қолайлы тілдік орта қалыптастырылған.

СӘНИЯ ЕСМІСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ