ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге баса назар аударылып отыр. Заманауи технологиялар дәуірі бюджет қаражатын тиімді пайдалану, салық және кеден жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік сатып алуларды оңтайландыру, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету мақсатында іске асырылуда.

РКС: Жаңа технологиялық шешімдерді тиімді енгізу мақсатында салалық мемлекеттік органдар IT-мамандарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Бүгінде заманауи цифрлық технологиялар мемлекеттік қызмет көрсету саласында кеңінен қолданылуда. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бүгінде 1300-ге жуық мемлекеттік қызмет түрін ұсынып отыр. Оның 95 проценті электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта қолжетімді.

СНХ: СҰЛТАН МӘЛІКОВ, ОБЛЫСТЫҚ «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалымен осы жылдың бірінші тоқсанында 100 мыңнан астам мемлекеттік қызмет онлайн түрде көрсетілді. Былтыр бұл көрсеткіш 90 мың болған. Яғни, өсім бар. Ақмола облысындағы филиалда 23 фронт-офис жұмыс істейді. Әрқайсында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, яғни, connection-point бар. Осы сектор арқылы қызмет алушы азаматтарымыз қызметтерді онлайн түрде ала алады, яғни, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күтудің қажеті жоқ.

РКС: Соңғы жылдары Қазақстан цифрландыру бағытында елеулі серпіліс жасап, электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту деңгейі бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына енді. Алайда бұл жетістіктер межесі емес — мемлекет одан әрі дамуды көздеп отыр. Алдағы бес жыл ішінде бір миллион қазақстандықты жасанды интеллект технологияларын меңгеруге оқыту жоспарланып отыр.

СНХ: ДМИТРИЙ ЛЕПЕШЕВ – ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Жасанды интеллект – заман талабы. Оның тиімділігі тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің дамуына әсер ететіні сөзсіз. Алайда бұл технологияны қаншалықты мәдениетті әрі жауапкершілікпен қолданатынымыз – негізгі мәселе. Қазіргі таңда жас ұрпақ ақпаратты іздеу мен өңдеуде жасанды интеллектіні белсенді пайдаланып келеді. Сондықтан оны тек оң бағытта қолдануға бағытталған саналы мәдениетті қалыптастыру – аса маңызды міндет.

РКС: Мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта студенттер мен мектеп оқушылары креативті технологияларды меңгеруде. Жасанды интеллект индустриясының дамуы және оны дұрыс пайдалану еліміздің ұлттық мүддесін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер береді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ