ДИКТОР: Көкшетауда Республика күніне арналған футболдан турнир өтті. Жарыс спорт саласының еңбек сіңірген қайраткері Сапарбек Кәкішевтің құрметіне ұйымдастырылған. Додаға облыстың әр өңірінен футболшылар қатысты.
РКС: Президент биылғы жолдауында бұқаралық спорт саласын дамытуға аса мән беретінін атап өткен. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып, кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр.»-деді мемлекет басшысы. Осы бағытта жасыл алаңда аймақтың үздік командалары бақ сынады. Зеренді ауданынан – «Жігер» және көкшетаулық «Спортинг PRO» мен «RealKokshe» құрамалары, облыстық «Оқжетпес» мамандандырылған кешенді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрамалары кездесті.
СНХ: РАЙЫМБЕК ЕСЛӘМОВ, «REALKOKSHE» КОМАНДАСЫНЫҢ БАПКЕРІ: Осындай турнирлерді балалар үшін ұйымдастырып отырғандарға үлкен алғысымды білдіремін. Мұндай жарыстар жас спортшылардың дамуына зор мүмкіндік береді. Олар өздерін көрсете алады, тәжірибе жинайды. Бүгін бізде матч өтті. Алғашында ұтылып жатқан едік, бірақ жігіттер намысқа тырысып, жеңіске жетті. Жарайсыңдар, балалар! Бұған дейін жаттығуда алда турнир болатынын айтып, дайындалу керегін ескерткенмін. Бұл – олардың алғашқы турнирі, сондықтан бастысы — жеңіс емес, тәжірибе. Барлық командалар мықты, жігіттердің ынтасы жоғары. Біз де бар күшімізді салып, турнирде жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
СНХ: АЛДИЯР РАҚЫМЖАНОВ, ҚАТЫСУШЫ: Қазір мен турнирдемін. Осы ойында екі гол соғып, екі пас бердім, нәтижесінде жеңіске жеттік. Футболмен екі жыл айналысамын, сонымен қатар «Оқжетпес» мектебінде жаттығамын — дәл сол жерде маған футбол ойнауды үйретті. Болашақта Роналду сияқты болғым келеді. Аулада достарыммен ойнағанда көп гол соғамын. Футболды жақсы ойнаймын деп ойлаймын.
РКС: Мұндай турнирлерді тұрақты түрде өткізу жас футболшылардың кәсіби өсуіне және әмбебап ойын дағдыларын дамытуына мүмкіндік береді-дейді бапкерлер. «Беске бес» форматындағы ойын спортшыларға алаңдағы жағдайға қарай өздерін түрлі позицияда - плеймейкер, қорғаушы, қақпашы немесе шабуылшы ретінде сынап көруге жағдай жасайды.
СНХ: ДАРХАН ҚАСЫМОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КЕШЕНДІ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл жарыс Сапарбек Қакишев ағамыздың құрметіне ұйымдастырылған. Ол кісі басқарма басшысы болған кезде өз ісіне адал, өте жақсы адам болған. Сондықтан дәл осындай мерейлі күні оның есімі аталып, турнир өткізіліп жатыр. Футболдан мұндай жарыстар бүгінде Ақмола облысындағы әрбір спорт мектебінде өтуде — бәрі Республика күніне арналған.Бүгінгі жарысқа жүзден астам қатысушы келді. Балалар әр мектептен жиналып, өз шеберліктерін көрсетіп жатыр. Бұрын мұндай жарыстар көбіне ересектер арасында өтетін, ал қазір біз оны жасөспірімдер арасында ұйымдастырып отырмыз. Осындай спорттық дәстүрлер көбейе берсін! Барша қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
РКС: Мұндай турнирлер жасөспірімдердің спорттық рухын көтеріп, командалық бірлікті нығайта түседі. Сонымен бірге олар спорттың қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына үлес қосады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ