ДИКТОР: Ел аузында жүрген батырлар. Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылының тұрғындары Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтар өршіп тұрған өрттің ортасынан үш бірдей баланы аман алып шықты. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз баяндайды.
РКС: Өрт шыққан кезде үйде кәмелетке толмаған 5 бала болған. Үлкені 13-те болса, кішісі 5 жаста. Екеуі сыртқа шығып үлгеріп, көршілерден көмек сұрай бастайды. Қалған үшеуі қою түтін мен лапылдаған жалынның арасында қалып, сыртқа шығуға мүмкіндік таппай қалады. Бұл жағдайды жақын маңда болған әкесі Ерлан мен ұлы Мирас Тоқсанбаев кездейсоқ байқап, дереу көмекке ұмтылады.
СНХ: ЕРЛАН ТОҚСАНБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Осы үйдің артында ауланы тазартып жүргенбіз. Бір кезде үйдің бірінен қою түтін шыққанын байқап, еш ойланбастан сол үйге қарай жүгірдік. Балалардың шырылдаған даусын естіп, қалай кірісіп, тез әрекет еткенімізді өзіміз де түсінбей қалдық. Осы терезе алдында түтін арасынан қыз баланы көріп, терезені сындырып, үшеуін сыртқа шығардық.
РКС: Құтқарушылар жеткенше, әкесі мен баласы үйден екі газ баллонын шығарып үлгерген. Алайда арада бірнеше минут өткен соң үйде жарылыс болады. Кейін баспанада төрт газ баллоны болғаны анықталды. Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына электр сымдарының тұтануы себеп. Ал өрттен аман қалған балалардың анасы Юлия Черкасская оқиға кезінде жұмыста болған. Ол жуырда ғана Астанадан Үлгі ауылына қоныс аударған екен.
СНХ: ЮЛИЯ ЧЕРКАССКАЯ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Балаларымды өрттен құтқарып алған адамдарға алғысым шексіз. Шүкір, бәрі аман! Балаларым шошынып қалған. Бірақ, қазір бәрі жақсы. Балаларым енді қайда барамыз деп сұрап жатыр. Басшым уақытша баспана берді. Ауыл тұрғындары да барынша қолдау көрсетіп жатыр. Енді алдағы күнді ойлатсыру керек.
РКС: Қазір ауыл тұрғындары да отбасыға жұмыла жәрдемдесуде. Бірі уақытша баспана берсе, енді бірі киім-кешек пен қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 500-ден астам өрт тіркеліп, салдарынан 19 адам көз жұмған. Тағы 4 адам ауыр жарақат алған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ