ДИКТОР: Дәстүрлі ән өнерінің саңлағы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Ақмола облысының жарық жұлдызы Мара Есмұханова 70 жасқа толды. Өнер жолындағы жарқын сапарына да жарты ғасыр болған мерейлі сәтте әнші туған өлке төрінде шығармашылық кешін өткізді. Бұл кешін ол Республика күнімен ұштастырып, «Туған жерім – тұғырым» деп атады. Жылы сезім мен шынайы өнерге толы әсерлі кештің атмосферасымен әріптесім Сәния Есімсейітова бөліседі.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жылы атмосфера, көздің жауын алатын гүл шоқтары мен сурет галереясы - бәрі де кештің сәнін келтіріп, көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Қазақстанға кеңінен танылған, өнер жолын Жаңаарқаның төсінде бастап, сол жерде өмірлік серігін тапқан Мара Есмұханова бұл жолы туған жерінде шығармашылық кешін өткізді. Әншіге деген халықтың ықыласы ерекше - зал көрерменге лық толы. Кешке қала тұрғындарымен қатар, Мара Есмұханованың кіндік қаны тамған ауыл-аймақтан, тіпті алыстағы Жаңаарқадан арнайы келген тыңдармандары да қатысты.
СНХ: ЕЛБЕК МҰҚАЖАНҰЛЫ, КӨРЕРМЕН (ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ): Сонау Жаңаарқадан келіп отырмын осы мерейтойға. Болат пен Мараны жас кезімізден бүкіл қазақ елі тәнті болып «Қаракөзде» ән салғаннан білемін. Өзіміз әндерін де айтып жүрдік. Енді осы той тойға ұлассын. Өмірлеріңіз ұзақ болсын. «Әндеріңіз шырқалсын мәңгілікке, Жастарымыз сақтасын естерінде, Алламыз өздеріңді қолдай берсін, Жақсылықты көріңіз осы өмірде»
РКС: Өнер иесінің шығармашылық кешіне өңірдің жұлдыздарынан бөлек аты аңызға айналған «Қаракөз» вокалды-аспаптар ансамблі, сонау студенттік шағынан достықтары үзілмей келе жатқан өнердегі де өмірдегі де достары Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Бағдат Сәмединова мен Мырзахмет Мұқаманов арнайы құттықтап келіп, өз өнерлерін ортаға салды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: БАҒДАТ СӘМЕДИНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Марамен мен бірге оқыдым. Бірге жатақханада тұрдық. Жезқазғанға бірге қол ұстасып келгенбіз. Әлі күнге дейін қол ұстасып жүрміз. Мара әнінен де, түрінен де көрініп тұр ғой, өте биязы сондай. Қыздарым айтады, екеуің қалай бірге жүрсіңдер деп. Мен өте жылдаммын. Мен Мараның жанында демаламын. Бізге тіпті 50 жыл болыпты. 50 жылда біз ылғи хабарласып тұрамыз, кездесіп тұрамыз. Тіпті екеуміз бөлек гастрольдеп Мараның ауңылына дейін бардық. Қызықты сәттер өте көп болды бізде. Екеуміздің мінезіміз екі түрлі, бірақ сондай жақсы тіл табысамыз. Мараның жанында мен рахаттанамын
РКС: Кеш иесі Мара Есмұханова өнер мен өмірдің биік белестерін өзінің өмірлік серігі Болат Есмұхановпен бірге бағындырып келеді. Екеуінің бір-біріне серік болып, сахнада да, өмірде де қатар жүргеніне биыл 50 жыл толды. Осы айтулы датаға орай, олардың өмір жолы мен өнердегі өрнегін бейнелейтін жаңа туынды жарық көрген. Кеш барысында әнші осы қуанышты жаңалығымен бөлісіп, барша көрермен мен қолдау білдірген жандарға шынайы алғысын жеткізді.
СНХ: МАРА ЕСМҰХАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ: Бұл кештің өзі де мен «Туған жерім тұғырым» деп атадым. Өйткені мынау Республика күніне орай өтіп жатқаннан кейін. Жалпы туған жерім Көкше жері болғаннан кейін мен осы кешті туған жеріме арнап отырмын.Сахнадағы 50 жылдық өміріміз өте тамаша болып өтті. Соған байланысты өзім де жолдасымыз екеуміз 50 жыл бірге өмір кешіп жатырмыз. «Өнер де де, өмірде де 50 жыл» деген кітабымыз да шықты. Рахмет айтамын өз ұжымыма, мәдениет басқармасына. Облыстық әкімшілікке барлығына алғысым шексіз.
РКС: Шығармашылық кеш - дәстүрлі әннің құдіретін, туған жерге деген сағыныш пен құрметті, өнердің өмірмен біте қайнасқан сәттерін айшықтаған ерекше шара болды. «Туған жерім – тұғырым» атты бұл кеш көрерменге рухани қуат, сағыныш пен сүйіспеншілік сыйлады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ