ДИКТОР: Көкшетауда Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған халықаралық ғылыми форум өтті. Оған отандық зерттеушілермен қатар, Қырғызстан, Ресей және өзге де елдерден келген ғалымдар қатысты.

РКС: Форум аясында төрт панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы, шығыстану мен этнография саласына қосқан үлесі талқыланды. Сондай-ақ зерттеуші Исламжан Иминовтың «Жетіқала өлкесінде» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл еңбекте автор Қашқарияға ұйымдастырылған ғылыми экспедицияның нәтижесінде жиналған материалдар мен деректерді топтастырған. Айта кетейік бұл сапар барысында зерттеушілер Ош жазығы, Торугарт асуы, Қашғар, Хотан және басқа да тарихи қалаларды аралап, Шоқан Уәлиханов жүрген бағытпен жүріп өткен.

СНХ: ИСЛАМЖАН ИМИНОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУШІ: Шоқан Уәлиханов тек қана, қазақ халқының перзенті емес, бүкіл Түркия әлемінің. Біздің мақсатымыз Шоқан 1858-59 жылдары Қашқарияға барды. Біз осы жылы жазда шілде айында Қашқарға бардық. Біз Шоқан барған Қашқарды көрдік. Шілдеде қайтқаннан кейін мен 3 ай жатып, кітап жаздым, көргенімді. Біздің мақсатымыз – Шоқанды жастар білсін. Шоқан сияқты ғалым болса, сонда келешегіміз болады.

РКС: Форум Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеп, оны бүгінгі заман тұрғысынан қайта зерделеуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, ұлы зерттеушінің еңбектері мен жазбалары әлі де терең ғылыми талдауды қажет етеді.

СНХ: АСЫЛБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, ALMAU РЕКТОРЫ: Шоқан Уәлихановтың еңбегі - ұлт руханияты мен ғылымының дамуында айрықша мәнге ие. Дегенмен, оның бай мұрасы әлі де толық зерттеліп, тиісті деңгейде насихатталған жоқ. Сол себепті біздің жобамыз, жалпы форумның басты мақсаты - қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың мұрасын жан-жақты таныту, оның ғылыми еңбектерін жаңа қырынан зерделеу және жас ұрпақтың санасына сіңіру. Бұған қоса, елімізде мемлекеттік деңгейде «Шоқан күні» белгіленуі тиіс ойлаймын.

РКС: Жиын соңында қатысушылар арнайы резолюция қабылдап, Шоқан мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау және ғылыми ынтымақтастықты тереңдету бағытында ортақ шешімге келді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ