ДИКТОР: Өндірістің жүрегі – жұмысшы мамандар. Осындай ұранмен Көкшетаудағы өндіріс орындарының бірінде форум өтті. Іс-шараға өңірдегі колледждердің жүзден астам студенті қатысты. Болашақ мамандар зауыт жұмысымен танысып, еңбек шарттары жайлы ақпарат алды.

РКС: Өндіріс зауыттары мен білім ошақтарының арасындағы байланысты нығайту. Форумның басты мақсаты осы. Шараға келген қатысушылардың басым бөлігі колледж студенттері. Олардың айтуынша, зауытты өз көздерімен көру жәй ғана экскурсия емес. Болашаққа жасайтын нық қадам. Себебі санаулы жылдардан кейін олар жас маман атанып, еңбек нарығында өз жолдарын табады.

СНХ: АСЛАН САБЫР, АСЛАН САБЫР, АСТРАХАН АУДАНДЫҚ АГРОБИЗНЕС ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Көкшетау қаласының НОВОПЭК зауытында форум жүріп жатыр. Сол форумға келген болатынбыз. Мен өзім жұмысшы мамандығында жұмыс жасаймын. Мен өзім агробизнес және сервис колледжімен келдім, Астрахан ауылының. Менің мамандығым – механизатор. Ауыл шаруашылық механизаторы болып есептеледі. Мамандығы маған ұнайды негізінде.

РКС: Форум бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушыларға алдымен кәсіпорынның өндірістік циклі таныстырылды. Студенттерге кәсіби бағдар беру үшін интерактивті сессия ұйымдастырылды. Сонымен қатар, шара барысында бірқатар қызметкерге Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Көкшетау қаласының әкімі және «AMANAT» партиясының алғыс хаттары табысталды. Олардың қатарында көкше сити зауытында үш жыл қатарынан еңбек етіп жүрген Темірлан Қабдош та бар.

СНХ: ТЕМІРЛАН ҚАБДОШ, «KOKSHE CITY» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мен қарапайым ламинация операторының шәкірті ретінде жұмысымды бастадым. Қазір атқарушы директор қызметіндемін. Әр мамандықтың өндірістегі орны ерекше – орамшыдан бастап, пресс-орамшыға дейін әрқайсысы маңызды рөл атқарады. Бізге колледжден кейін бірден жұмыс істеуге дайын жас мамандар қажет. Алдымен орамшы болып бастайды, кейін оператор, одан әрі өсуге мүмкіндік бар. Жастар осы бағытта қызығушылық танытып, өзін дамытуға ұмтылса дейміз. Сондықтан да біз өз өндірісімізді таныстырып, оларды қызықтыруды мақсат етіп отырмыз.

РКС: Бұл форум арқылы студенттер жұмысшы мамандықтың маңыздылығын ұғынды. Шаһарда орналасқан ірі зауыттар да жұмысшы мамандықтың мәртебесін дәлелдегендей. Біз жас мамандарға тек үйретіп, көрсетіп қана қоймаймыз. Сондай-ақ, кәсіби жолдағы алғпшқы қадамды бірге бастаймыз – дейді Новопэк зауытының басшысы.

СНХ: УМАР ШОНАЗАРОВ, «НОВОПЭК» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз студенттерге арналған әлеуметтік қолдау шараларын кеңінен ұсынып отырмыз. Оған тегін баспана беру және кәсіби өсудің нақты мүмкіндіктері кіреді. Алдағы уақытта облыс әкімдігімен бірлесе отырып, еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз. Студенттеріміз үшін біздің барлық бағыттарымыз үлкен қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының ең ірі өндірушісі ретінде, біздің өндіріс алаңымыз студенттер үшін ерекше тартымды болды. Өндіріс пен техникалық бөлімдер бойынша өткізілген таныстырылымдар жастардың үлкен ықыласын оятты. Біздің компаниямыздың өндірісімен танысу олардың кәсіби дамуына тың серпін береді.

РКС: Студенттермен қатар, форумға колледжд директорлары да белсене қатысты. Жиынның соңында көпжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, колледж студенттерін жұмыспен қамтымақ. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін олар бірден жұмысқа орналасады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.