ДИКТОР: Мемлекеттік қызметтегі ұрпақтар сабақтастығы – басқару жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін айқындайтын маңызды қағиданың бірі. Қарттар күніне орайластырған айлық шеңберінде облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бастамасымен аға буын өкілдері мен жас мамандар арасында диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесуде мемлекеттік қызметтің ардагерлері мен алғаш рет басшылық қызметке тағайындалған жас мамандар бас қосып, тәжірибе алмасып, ортақ міндет жайлы әңгіме өрбітті.

РКС: Кездесу барысында мемлекеттік қызмет ардагерлері жас басшыларға жігер берерлік ізгі тілектерін айтып, ақжолтай ақыл-кеңестерімен бөлісті. Олар халыққа адал қызмет етудің маңыздылығын,сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі жоғары жауапкершіліктің және абыройдың мәнін атап өтті.

СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты - мемлекеттік қызмет саласында ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Жас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қалыптасуына ерекше назар аудару – Агенттік жұмысының маңызды бағыты. Осы ретте тәжірибе мен тағылымдыұштастыратын Тәлімгерлер кеңесінің рөлі өте үлкен. Кеңес құрамына көп жыл мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек еткен ардагерлер кіреді. Бүгін олар жас басшылармен кездесіп, өздерінің өмірлік тәжірибесі мен құндылықтарымен бөлісуде.

РКС: Сондай-ақ, кездесуде елге қызмет етудің қадірі мен мәні өлең жолдары арқылы өрнектелді. Ардагерлер жас мамандарға мемлекеттік қызметшінің бойында болатын қасиеттерге ерекше тоқталып кетті. Атап айтқанда, Отанға деген адалдық пен махаббат, моральдық адамгершілік қасиеті мен жауапкершілігі. Аға буынға құрмет көрсеткен жас мамандар өз кезегінде әңгімеге белсене қатысып, тәлім мен тәжірибеге толы құнды кеңестер ала-алды.

СНХ: ГҮЛЖАНАР МҰРАТХАНҚЫЗЫ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ БІРЫҢҒАЙ ПЕРСОНАЛДЫ БАСҚАРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: Мен Есіл ауданы біріңғай персоналды басқару қызметінің басшысымын. Мемлекеттік қызмет ардагерлеріне бүгінгі сияқты жиындар біз сияқты мемлекеттік қызметте алғаш басшылық қызметке тағайындалған басшылар үшін, мемлекеттік қызметке жаңа орналасқан бас мамандар үшін өте үлкен бір тәжірибе болып саналады. Сондықтан да мемлекеттік қызмет ардагерлерін ардақтайық, құрметтейік, бағалайық.

РКС: Кездесу соңында қатысушылар мемлекеттік қызмет ардагерлерін ерекше ілтипатпен құрметтеп, ел игілігі жолындағы көпжылдық еңбегі мен өмірлік тәжірибесіне өз алғыстарын білдірді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ