ДИКТОР: Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 30 жыл. Осы уақыт аралығында талай жанның өмірін сақтап, қиын сәтте қолдай білген ерлердің еңбегі ерен. Кәсіби мереке қарсаңында тілшіміз шаһарымыздағы құтқарушылардың бір күндік қызметімен танысып қайтты.

ИНТЕРШУМ:

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Иә, күн сайын қиындықпен бетпе-бет келетін құтқарушылардың таңы - дәл осылай басталады. Олар күн-түн демей әрдайым сапта. Бұл мамандық иелері атақ пен даңқ іздемейді. Бар болғаны күнделікті міндетін абыроймен атқарып, адам өмірін сақтап қалуға ұмтылады.

РКС: Сондай жандардың бірі - Айдын Жоламанов. Төрт баланың әкесі, ширек ғасырға жуық ғұмырын азаматтық қорғау саласына арнаған тәжірибелі маман. Құтқарушы болу - үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр да абыройлы міндет,-дейді ол. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 30 жыл. Соның бастауында болған Айдын Жоламанов осы жылдар аралығында салада елеулі өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткізілгенін айтады.

СНХ: АЙДЫН ЖОЛАМАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕДЕЛ КЕЗЕКШІСІ: Осы 25 жылда нақты айтсақ, өзгеріс өте мол. Біріншіден мына жеке құрамның көзқарасы біраз өзгерді. Екіншіден, техника. Біз бастағанда, мен өзім бастағанда 2000 жылдары біз өрт сөндіруге ЗИЛ 130 шығатынбыз. Техника жаңарды. Өрт сөндіру орнына жылдам жетуге , жедел өрт сөндіруге өте көмектеседі. Жастарға айтарым, Құтқарушы өте жауапты мамандық. Сондықтан өрт сөндіруші өз қызметіне адал болу керек.

РКС: Сөзге сараң болғанымен, өз ісіне адал жан,- дейді әріптестері. Бұлай деудің де жөні бар. Мәселен, 2023 жылы Айдан Жоламановтың жетекшілігімен 18 ақмолалық құтқарушы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға бағытталған құтқару операциясына аттанды. Көрсеткен ерлігі мен кәсіби шеберлігі үшін «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісуден де жалыққан емес.

СНХ: ӘДІЛЕТ СЕРІК, ӘРІПТЕСІ: Біз сияқты жас қызметкерлерге әрқашанда өзінің өнегелік жолын көрсетіп, барлық тәлім-тәрбиесімен дұрыс бағытбағдар беріп жатады.Сонымен қатар, өзінің қызметтік жолда тарихта болған барлық оқиғалармен бөлісіп, жұмыстың қыр-сырларын айтып жеткізіп отырады. Айдын Каракужинұлын біз әрқашан да үлгі тұтамыз. Біз үшін ерекше, мінсіз, үлгі тұтатындай тұлға.

РКС: Өз ісіне адал, кәсібіне жан-тәнімен берілген мамандар аз емес. Бүгінде Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінде 2 мыңға жуық құтқарушы еңбек етеді. Батыл да жауапкершілігі молн мұндай жандардың қоғамда алатын орны қашан да биік.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ