ДИКТОР: Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған терең тамырлы тарихымыз – ұлт рухының мәңгілік қайнары. Сол тарихтың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Зеренді ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназияда зерттеуші, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының «Абылай ханның қара жолы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Шараның негізгі мақсаты – ел бірлігі мен ерлігін ту еткен ұлы ханның өмір жолын насихаттап, жастар бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру.
РКС: Шара мектеп оқушыларының шығармашылық өнерімен ашылды. Содан кейін 2018 жылы Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен ұйымдастырылған «Абылайханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты кең ауқымды экспедиция туралы деректі фильм көрсетілді. Айта кетейік, Халықаралық мәдени-рухани сапар барысында қатысушылар 10 мыңға жуық шақырымды жүріп, елдің 24 қаласы мен жүздеген елді мекенін аралап, Абылай ханның ізін қалаған тарихи және киелі орындардан тың деректер жинаған. Жиналған мәліметтердің негізінде тарихи саяхат қағаз бетіне түсіп, кітап болып басылып шықты. Бүгін шарадан әсер алған оқушылар мұндай кездесулер оларға рухани азық беріп, ел тарихына деген қызығушылықты арттырады,-дейді.
СНХ: МӘНШҮК ҚАЙРОЛЛА, М.ҒАБДУЛИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Бүгінгі бұл экспедиция мен үшін өте білімді, сапалы болды деп ойлаймын. Себебі өте көп тарихи мәліметтерді ала алдық. Күлтегін ескерткіштері сияқты тарихи мәліметтерді білдік. Тарихқа деген білімімізді арттырдық деп ойлаймын!
РКС: Кездесу барысында Мұрат Ыдырысұлы оқушылар мен ұстаздарға кітаптың жазылу тарихын баяндап, экспедиция барысында жинаған деректермен бөлісті. Оқушылар мен мұғалімдер автормен пікір алмасып, ел тарихы мен руханияты төңірегінде мазмұнды ой қозғады.
СНХ: ӘСКЕРБАЙ ӘМІРЖАНОВ, М.ҒАБДУЛИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Бұл кездесу осы Республика күні қарсаңында оқушыларға патриоттық тәрбие беретін, еліне, жеріне деген оқушылардың жүрегінде сезім ұялататындай үлкен жақсы кездесу болды. Бұл экспедиция осы Көкшетауда басталып, Ресей арқылы сонау Моңғолия жеріндегі тарихи ескерткіштерге барып, оқушылар соның куәсі болды. Оқушыларға үлкен бір әсерлі әңгіме болды.
СНХ: СЕРІК БАЙМЫРЗИН, АУДАНДЫҚ БИЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ БАС БИІ: Абылай-ханның қара жолын өткізіп, міне оқушылармен өткен тарихи заманның елімізді Абылай-хан ат үстінде ту ұстап жүріп, жаугершілік заманда елімізді қорғап, осындай егемендік елге жеткізгеніне өзіміздің қуанышымыз шексіз. Еліміздің тұтастығын ұстап қалған осындай ата-бабаларымызды әрқашан ұмытпау керек.
РКС: Қазақ тарихында Абылай ханның алар орны айрықша. Ол ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтау жолында дипломатиялық және саяси тұрғыда қажырлы еңбек еткен тұлға. Шара соңында өлкетанушы Әуез мектеп кітапханасына «Абылай ханның қара жолы» кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ, ел бірлігі мен әділдіктің нышаны ретінде аудандық билер алқасының бас биі Серік Баймырзинге қамшы табыстады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ