ДИКТОР: Көкшетауда «Денсаулық – отбасы бақытының кепілі» атты конференция өтті. Іс-шара медицина саласының өкілдерін, психологтарды, сарапшылар мен алдын-алу және сауықтыру бағытындағы мамандарды бір арнаға тоғыстырды.
РКС: Іс-шараны Көкшетау қаласының Аналар кеңесі мен «Ояну» қауымдастығы ұйымдастырды. Аурулардың алдын алу мен денсаулықты сақтауға байланысты мәселелерге қоғам назарын аударту басты мақсат.
СНХ: МАРАЛ КЕНЖАҚЫМОВА, ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: Бүгінгі конференцияның басты мақсаты – әр адамға, мейлі ол ана, бала не әке болсын, денсаулықтың маңызын түсіндіру, оны бағалай білуге және дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге үндеу. Өкінішке қарай, қазіргі статистика көрсетіп отырғандай, көп жағдайда адамдар дәрігерге тым кеш – аурудың соңғы сатысында ғана барады.
РКС: Қалалық Аналар кеңесінің мүшелері халықтың, әсіресе әйелдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Ана болу, репродуктивті денсаулық, тәуелділікпен және күйзеліс жағдайларымен күрес тақырыптарына арналған дөңгелек үстелдер, кездесулер мен түрлі акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылады.
СНХ: НӘЙЛӘ СЕЙДАЛИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біздің Аналар кеңесі халықтың денсаулығын жақсарту, аурулардың алдын алу бағытында жұмыс істейді. Яғни, біз есірткіге тәуелділік, ойынқұмарлық сияқты өзекті тақырыптарда дөңгелек үстелдер өткіземіз. Сонымен қатар, ата-аналармен, студенттермен және оқушылармен де тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі іс-шара өте өзекті, өйткені Аналар кеңесі ретінде біз ең алдымен әйелдермен бірге болып, оларға қолдау көрсетуіміз керек.
РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыруға, өз-өзіне қамқор болу ұғымын сіңіруге, сондай-ақ жыл сайынғы медициналық тексеруден өту қажеттігін түсінуге ықпал етеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ