ДИКТОР: Өткен жексенбі елімізде Құтқарушылар күні аталып өтілді. Биыл азаматтық қорғау органдарына - 30 жыл! Тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылы 19-шы қазан Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Бұл күн – тек құрмет көрсету ғана емес, құтқарушылар күн сайын өз мойнына алатын қауіп туралы қоғамға ескерту. Олардың қызметі көбіне шұғыл әрекет пен батылдықты талап етеді. Қазіргі заман батырларының бірі - Санжар Өтежанов. Ол Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының аға сержанты.

РКС: Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының аға сержанты Санжар Өтежанов өз еңбек жолын №1-ші қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып бастады. Сегіз жылдық еңбек өтілімінің 6 жылын академияға арнады. Ол күн сайын тілсіз жауға тап болған жандарға қол ұшын созуға дайын.

СНХ: САНЖАР ӨТЕЖАНОВ, МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АҒА СЕРЖАНТЫ: Сегіз жылда біз көптеген ірі өрттер мен төтенше жағдайларды жою миссияларына ден қойдық. Тілсіз жауды жоюға барар жолда әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Мәселен, кейде адамдар жол бермейді, кейде құлақ аспайды. Бірақ біз ештеңеге қарамай, тілсіз жауды жоюға жедел аттанамыз. Себебі, әр минут, әр секунд қымбатты.

РКС: Әріптестерінің айтуынша, Санжар сенімді, әрі жауапты қызметкер. Ол төтенше жағдайлар қызметкерлерін діттеген жерге уақытылы жеткізеді.

СНХ: ӘЛІБИ СӘРСЕНБАЙ, МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Санжар өте жауапты қызметкер. Өрт кезінде ол өзінің шеберлігін көрсетеді. Оның басты міндеті – қызметкерлерді дереу қажетті жерге жеткізу. Бұл маңызды және үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет.

РКС: Азаматтық қорғау органына 30 жыл - бұл ерлік, адалдық және құтқарылған өмір. Санжар Өтежанов сияқты әрбір құтқарушы осы ауқымды да маңызды миссияның бір бөлігі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ