ДИКТОР: Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиалық қазақ драма театры гастрольдік сапармен Көкше жеріне арнайы ат басын бұрды. Бұл сапардың ерекшелігі – 15 қазан, Арқаның Кербез сұлу Көкшетауы деп ән салған Сәкен Сейфуллиннің туған күнімен тұспа-тұс келді. Ұлы тұлғаның туған күні мен театр ұжымының өнер сапары осылайша үйлесіп, үндестік тапқандай болды. Театр ұжымы Көкшетаулық көрермендерге Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын ұсынды. Тарих пен тағдыр тоғысқан сахналық туынды жайлы шараға қатысып қайтқан тілшіміз баяндайды.
РКС: Спектакль Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының желісінде қойылды. Бабадан келе жатқан тыйым мен дәстүрдің табы, жеті ата заңы мен қалыңмалдың құрбанына айналып жатқа ұзатылған мұңлықтың тағдыры арқылы көрермен жүрегіне ой салған тұшымды туынды болды. Сахнада кең тыныспен ашылған, терең психологиялық иірімдермен өрілген бейненің бірі – Мөржан. Оның бойынан көрермен тек ақ шашты, аруақты ананың жан күйзелісін емес, қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүр мен темірдей тәртіпті сезді. Бір рудан шыққан қос ғашықтың бір-бірін сүйіп қалуы Қарауылдың қабырғасын қайыстырды. Елден безген жігіттің мұңы заманауи өнер тілімен бейнеленді.
СНХ: АЙДОС НҰРМАҒАМБЕТОВ, АКТЕР: Үлкен ауқымды дүние қозғалады негізі. Трагедия деп аты айтып тұр. Көрермендер өздері де көрді. Көп нәрсе алды деп ойлаймын. Өйткені айтары бар қойылым. Классика әрдайым қиын негізі. Оның ішінде енді Мұхтар Әуезовтің дүниесі. Оңай емес. Бұл жердегі жалпы оқиға өзіңнен өткізетін болсаң өте қиын. Қазіргі таңмен салыстырғанда махаббатқа беріктік ол кездегі. Тек бір айыбы екі жастың арасы алты ата болып қалды. Сол себепті заңды қатты ұстанды үлкендер. Екі жасқа бірге болуды қаламады. Қарсы тұрды. Жүйеге қарсы шыққан екі жасқа тосқауыл болды үлкендер. Жеті ата деген әрдайым міндетті дегенді қондырды.
РКС: Қарагөз бейнесінің нәзік те қайғылы болмысы шынайы өріліп көрермен жүрегіне жол тартты. Ұлттық салт-санамен шектелген екі жастың шынайы сезімі, рушылдықтың құрбанына айналған Қарагөздің жан айқайы көңілді дір еткізді. Театр ұжымы бұл туындыны жаңаша интерпретациямен сахналап, ескіліктің етектен тартқан, сананы шырмап тұрған салт-дәстүрдің кей тұстары адам тағдырын қалай өзгертетінін, кейде тіпті қасіретке ұрындыратынын терең көрсете білді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ӘНЕЛІ САҒЫНДЫҚОВА, АКТРИСА: Менің сомдайтын рөлім «Қаракөз». Менің алғашқы рөлім театрдағы, ең үлкен рөлім десек болады. Көрермен де өте жақсы кабылдады. Жалпы қойылымда да қазіргі заманмен ұштасып қойылған. Тек қана бұрынғы классикалардан кішкене өзгешелеу форматта. Стилистикасы да басқа, әндері де өте өзгеше деген сияқты.
РКС: Махаббат пен мұң, тағдыр мен тыйым ұштасқан қойылымда актерлік шеберлік пен сахналық шешімдер көрерменді бейжай қалдырмады. Театр директоры да бұл тұсты сөз арасында атап өтті.
СНХ: ҚҰРМАН ҚАЛЫМОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ: Көрермендердің ыстық ықыласы, осы спектакльге деген қошеметі өте қуантып отыр. Сәкен Сейфуллиннің туған күнінде Арқаның еліне, Көкше жеріне біз осындай тарту жасап отырмыз. Сондықтан бүгінгі көрерменнің қошеметіне, бүгінгі көрерменнің ықыласына өте дән ризамыз. Театрымыздың бір шығармашылық деңгейіндегі өзінің есептік үлкен кезекті есептік спектакльіміз көрерменге өтіп жатыр деп ойлаймыз.
РКС: Оның сөздерінен туған топырағына өнер олжасын әкеліп, халқымен қауышып тұрған Көкше ұлынының ризашылығы анық сезілді. Ал қойылымды көрген жұрттың қошеметі – бұл сапардың шынайы бағасын білдірді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ