ДИКТОР: Көкшетауда «Бірліктің киелі бесігі – Ассамблеяға 30 жыл!» облыстық фестивалі өтті. 20-дан астам этномәдени бірлестіктің басын қосқан шара, Қазақстан бірлігі жарасқан ел екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

РКС: Фестиваль гала-концерт түрінде ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық топтары өз өнерлері мен салт-дәстүрлерін сахна төріне паш етті. Айта кетейік, шара облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік келісімшарты аясында жүзеге асырылды.

СНХ: САБЫРХАН КЕНЖЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл фестивальға біздің әрбір этномәдени бірлестіктерінің жаңағы шығармашылық ұжымдары белсенді қатысуда. Биылғы жылы жиырмадан астам жаңағы шығармашылық ұжымдар қатысып, өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Енді биылғы бұл сайыс осы 30 Ассамблеяның 30 жылдығына арналып отыр. Жүлделерді жақсы Гран Придің басты бас жүлдесі 1 миллион теңгені құрап тұр, бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға біз 300 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге осының барлығы жаңағы.

РКС: Қатысушылардың айтуынша, мұндай фестиваль этносаралық келісімді нығайтып, ұлттық салт-дәстүрді сақтап, өңірде тұратын халықтар арасындағы мәдени диалогты дамытуға септігін тигізеді.

СНХ: НАТАЛЬЯ НАГАЧЕВСКАЯ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛЯК ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бұл шара өте маңызды. Себебі, біз тәжірибе алмасып, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды көрсете аламыз. Оның үстіне біз бір-бірімізбен сахна төрінде бәсекеге түсіп, шараға дайындаған өнерлерімізді ортаға паш етіп, оны жоғары деңгейде жеткізе аламыз. Қатысушылар өте көп. Бұл бізді қуантады.

РКС: Фестиваль қорытындысы бойынша облыстық поляк ұлттық мәдени орталығының «Степовэ Квяты» вокалдық тобы үшінші орынды еншіледі. Ал, екінші орынды Дмитрий Майер иеленді. Ол облыстық орыс, славян ұлттық мәдени орталығынан өнер көрсетті. Бірінші орын Щучинск қаласынан келген "Юлдаш" татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне бұйырды. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің қатысушысы Айым Ораз бас жүлде иегері атанды. Оған 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ