ДИКТОР: Көкшетауда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары мен студенттерден құралған 20-ға жуық команда қатысты.
РКС: Жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бұл дода Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж базасында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай пікірсайыстар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыруға, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға және қоғамдағы өзекті мәселелерге балама шешім ұсынуға мүмкіндік береді.
СНХ: АЙҒАНЫМ ҚАСЫМ, ҚАТЫСУШЫ: Маған осы шара өте қатты ұнады. Себебі көпеген өзіндік плюстары бар. Мысалы, өзімнің тәжірибемді дамытып жатырмын. Тақырыптар да өте актуалды түрде жүргізіліп жатыр. Мысалы, оқушыларды әлеуметтік желілерде шектету, Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты тақырыптар болды. Осындай тақырыптар актуалды болғаннан кейін маған мәселелерді талқылау үшін маған қызық болды.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледждің «Сана серпіні» тобы иеленсе, екінші орын Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейдің «JastarKZ» тобына бұйырды. Ал бірінші орынды Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің командасы жеңіп алды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ