ДИКТОР: Өткен жексенбіде орман шаруашылығы саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Осы ретте республика күні қарсаңында Көкшетауда салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік кеш барысында сала үздіктеріне мемлекеттік марапаттар табысталып, орман шаруашылығы мекемелеріне жаңа техниканың кілті табысталды.
РКС: Салтанатты жиынға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Аймақ басшысы орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, орман алқаптарының көлемін ұлғайту – өңірдің ғана емес, тұтас елдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрметті орман шаруашылығының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мереке – Орман шаруашылығы қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Орман – ол тәуелсіз еліміздің баға жетпес байлығы. Көреген халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан игілі, дәулеті. Орны бөлек «жасыл алтынымыз» деп айтуға болады. Міне сіздер осындай халық байлығын көздің қарашығындай сақтап, жойылып кетпеуі үшін күресіп келесіздер.
РКС: Табиғатты қорғау саласын дамыту және орман қорын сақтау мақсатында жыл сайын орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Соңғы екі жылда мекемелердің техника паркі 80 пайыздан астам жаңартылды. Биыл лизингтік қаржыландыру арқылы 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Шара барысында аймақ басшысы сала мамандарына 85 бірлік өрт сөндіру техникасының кілтін табыстады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Салтанатты шара барысында орман шаруашылығы мамандарына да құрмет көрсетілді. Сала үздіктері «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағы мен «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Марапат алғандардың қатарында орман шаруашылығы саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Жанат Қожахметов те бар. Ол бұл мамандықты бала кезінен жүрек қалауымен таңдағанын айтады.
СНХ: ЖАНАТ ҚОЖАХМЕТОВ, КЕҢЕС ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Мен өзім орман әулетінде дүниеге келдім. Әкем өмір бойы орман шаруашылығында жүргізуші болып еңбек етті. Ағаларым да осы салада жұмыс істейді. Бала күнімнен орманшы болуды армандадым. Биыл орман шаруашылығына айрықша көңіл бөлінуде. Облыс басшылығының қолдауының арқасында біз бүгін жаңа JAC маркалы техникалар алып отырмыз. Жаңа техника жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Уақытылы әрекет етсек, орман өртінің ауқымын да азайта аламыз.
РКС: Өңірде жалпы көлемі 400 мың гектардан астам мемлекеттік орман қоры бар. 13 орман шаруашылығы мекемесі жұмыс істейді. Республика күні қарсаңында Көкшетауда «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жаңа өрт сөндіру станциясы ашылды.
СНХ: ДЖАНЕТ МИКИШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл орман өрт станциялары қыс мезгілінде де толыққанды жұмыс істеуге бейімделген. Мұнда екі өрт сөндіру көлігіне арналған бокстар, қажетті техника, сондай-ақ қызметкерлерге арналған жатын және ас бөлмелері қарастырылған. Соңғы жылдары ірі орман өрттерінің тіркелмеуі – осындай заманауи материалдық-техникалық жабдықталудың және өртті ерте анықтау жүйесінің нәтижесі. Ең бастысы – тілсіз жауды бастапқы сатысында-ақ анықтау. Сондықтан дәл осы бағытқа ерекше назар аударылып отыр.
РКС: Орман шаруашылығы саласы да цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу үрдісінен қалыс қалған жоқ. Бүгінде өңірдегі орман қорының жартысынан астамы өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Бұл инновациялық жоба Ақкөл, Бұқпа, Кеңес, Қызылбор және Куйбышев орман шаруашылығы мекемелерінде сәтті іске асырылған. «Ақылды» камералар мен заманауи құрылғылар орман алқаптарының ең биік нүктелеріне орнатылып, тәулік бойы бақылау жүргізеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ