ДИКТОР: Көкшетаулық «Арлан» мен петропавлдық «Құлагер» екі ойындық кездесуді аяқтады. Алғашқы матчта көкшетаулықтар жеңіске жеткен еді. Екінші ойынның барысы жайлы тілшіміз баяндайды.

РКС: Матчтың алғашқы кезеңінің небәрі бесінші минутында көкшетаулықтар өз қақпаларына шайба жіберіп алды. «Құлагердің» позициялық шабуылы нәтижелі болды — Константин Двуреченский мен Батыр Маркабаевтың пасынан кейін Руслан Габазов есеп ашты. Көп ұзамай қонақтар тағы бір жылдам шабуыл ұйымдастырды. Айып алаңына бағытталған шайбаны «Арланның» қақпашысы көзден жоғалтып алып, сол сәтті тиімді пайдаланған Артём Бурделёв есепті еселей түсті. Осыдан кейін көкшетаулықтар қақпашыны алмастырды. Ал соңғы кезең тартысты өрбіді — қос команда да белсенді ойнап, бір-бірінің әлсіз тұсын іздеуге тырысты.

СНХ: АРЛАН ҚАРАШЕВ, «АРЛАН» КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАНКҮЙЕРІ: Ойынға келсек, әзірге есеп 3:2, қарсылас алда. Бірақ бұл уақытша деп ойлаймын. Біздің жігіттердің мінезі бар, соңына дейін күреседі. Үшінші кезеңде есепті теңестіріп, жеңіске жетеміз деп сенемін. Кеше команда жақсы көңіл-күймен мұзға шықты, екі жылдам шайба соқты. Ал бүгін, өкінішке қарай, екі жылдам шайба жіберіп алдық. Бірақ қақпашыны ауыстырғаннан кейін ойынның ырғағы өзгерді — жігіттер жігерленіп, есепті теңестірді. Кейін тағы бір шайба өткізіп алғанымызбен, бұл маңызды емес. Біз әрқашан өз командамызға сенеміз, қолдаймыз, жанкүйерміз.

РКС: Екінші кезеңде «Арлан» шабуыл қарқынын арттырып, 8-ші минутта Игорь Кисель соққан шайбамен есеп айырмасын қысқартты. Оған Руслан Ибраев пен Леонид Беляев пас берді. Кезең соңында көпшілік құрамда ойнаған көкшетаулықтар есепті Александр Гопиенконың голымен теңестірді. Алайда арада 33 секунд өтпей, Герман Шапорев «Құлагерді» қайта алға шығарды. Үшінші кезеңде «Арлан» барын салғанымен, есеп өзгеріссіз қалды.

СНХ: ДЕНИС КАРАТАЕВ, «ҚҰЛАГЕР» КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАҚПАШЫСЫ: Бүгін де, кеше де өте тартысты ойын өтті. Қарсылас команда жақсы ойнады. Біздің жігіттер де көмектесті, соққыларды бөгеді — соның арқасында жеңіске жеттік. Екінші матчта, шын айтқанда, қарсылас сәл шаршады деп ойлаймын. Біз темпті сақтадық, ал олар көп ескерту алды. Соңында бәрі біз қалағандай аяқталды. Бұл — тарих еншісінде.

РЗК: Енді арландықтарды сырт алаңдағы серия күтіп тұр. Қазанның 24-і мен 25-і Қарағандының «Сарыарқа» командасымен, 28-29 қазанда Рудныйдың «Горняк» командасымен кездеседі.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТӨЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ