ДИКТОР: Көкшетауда «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен ЖАСТАР КВН лигасының фестивалі өтті. Көңілді де тапқыр жандардың басын қосқан ерекше басқосу жайында шараға қатысып қайтқан тілшіміз баяндасын.

РКС: Аталмыш шара жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және тапқырлар сайысы қозғалысын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Жастар КВН лигасының фестивалі – өңірдің ең тапқыр да талантты жастарын бір арнаға тоғыстырған ерекше мереке. Қатысушылардың қатарында Астана қаласынан, Бурабай, Есіл аудандарынан, Солтүстік Қазақстан облысынан келген командалар бой көрсетті. Сондай-ақ №5510 әскери бөлімінің командасы да қатысты.

СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКЕШЕВ, ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: КВН Жастар лигасының төртінші маусымы басталды. Бүгін біз маусымның ашылу фестивалін өткізіп жатырмыз. Биыл фестивальге 14 команда қатысуда. Олар – ауданнан және облыс орталығынан келген үздік ойыншылар. Ал жалпы маусымға 21 команда тіркелген. Маусым барысында 5 ойын өткізу жоспарланған. Әр ойын өз көрерменіне көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әзіл сыйлайтынына сенімдіміз. Қуантатыны – жыл сайын қатысушылардың шеберлігі артып, командалық үйлесім мен жалпы ойын сапасы жақсарып келеді. Ең басты нәтиже – жастардың дамуы!

РКС: Бүгінгі фестиваль №5510 әскери бөлімі үшін де ерекше есте қалмақ. Себебі сарбаздар ойын-сауық форматындағы шараға алғаш рет қатысып отыр. Олардың айтуынша сахнада өнер көрсету жаңа әсер мен өзгеше жауапкершілік жүктейді.

СНХ: ЖАНБОТА САЙЛАУ, «БРИГАДА» КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Жақсы өнер көрсеттік. Көрермендерге рахмет. Алдағы уақытта жиі қатысып тұрамыз деген ойдамыз. Әрі қарай сезонның соңына дейін ойнауға тырысамыз. Дайындық барысы кішкене қиындау болды деп айтсақ та болады. Себебі біз қоғамдық тәртіпті сақтайтын сарбаздар болғандықтан екі жақта бірге жүру сәл ауырлау болса да, біз әрдайым екі жақта да үлгеруге тырысамыз. Себебі біз Қазақстанның ұлттық ұланымыз.

РКС: Сайыс бірнеше номинация бойынша бағаланды. «Ең үздік әзіл» аталымы – «ВВС» командасына, «Ең үздік актер» атағы «Финалдық ремикс» ойыншысы Малғаждаров Расулға, «Ең үздік актриса» – «Zharqyn bolashaq» командасының мүшесі Дамира Сафинаға бұйырды. Бұл шара жылы эмоция мен шексіз күлкіге толы кеш болды!

СНХ: ДАМИРА САФИНА, «ZHARQYN BOLASHAQ» КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ: Мен «ZHARQYN BOLASHAQ» командасының капитанымын. Бұл тамаша фестивальге Көкшетау қаласында алғаш рет қатысып отырмыз. Дегенмен, КВН біз үшін жат емес. Командамыздың тәжірибесі бар. Алматы және Астана қалаларында өткен Жайдарман Junior финалдарына қатыстық, сондай-ақ Айыртау ауданы әкімінің кубогы үшін өткен жарыстарда үш мәрте гран-при иегері атандық. Көрермендерге және қазылар алқасына ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Олардың белсенділігі мен қолдауы бізге ерекше күш-қуат берді, шабыт сыйлады.

РКС: Фестиваль қорытындысы бойынша 1-орынды №5510 әскери бөлімінің «Бригадасы» жеңіп алды. 2-орынды Есіл ауданының командасы еншілесе, 3-орын Солтүстік Қазақстан облысының «ZHARQYN BOLASHAQ» командасына бұйырды. Бұл фестиваль – тек әзіл мен күлкінің ғана емес, достық пен шығармашылықтың мерекесі. Маусымның жалпы жүлде қоры 1 миллион тенге.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ