ДИКТОР: Жарқайың ауданының Державинск қаласындағы коммуналдық базарда ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Шара Республикасы күні қарсаңында Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету айлығы шеңберінде ұйымдастырылды.

РКС: Жәрмеңке ауданның барлық ауылдық округінен келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сондай-ақ мемлекеттік грант алып, өз кәсібін бастаған жас кәсіпкерлер қатысты. Ұсынылған өнімдердің бағасы нарықтағыдан төмен болғандықтан, аудан тұрғындары сапалы өнімдерді тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сөрелерде ет, сүт өнімдері, бал, ұн, балық, көкөніс пен жеміс-жидек, нан-тоқаш өнімдері, қолөнер бұйымдары және өзге де ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды.

СНХ: БАҚЫТГҮЛ ӘБЕНОВА, БІРСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгін біз Бірсуат ауылынан әкелінген өнімдерімізді ұсынып отырмыз. Жәрмеңкеге жаңа піскен нан өнімдерін әкелдік. Бір бөлке нанның бағасы – 100 теңге. Осындай игі шараға қатысқанымызға өте қуаныштымыз.

РКС: Алматы қаласынан әкелінген тауарлар тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қонақтар жәрмеңкеге Алматының аппортын, құрма мен жүзім, басқа да өнімдерін алып келіпті.

СНХ: НҰРГҮЛ ЫСҚАҚОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жергілікті халыққа сатып алу үшін арзан бағамен ауыл шаруашылық және көкеністер өте төмен бағамен ұсынылуда. Өзіміздің жергілікті халыққа біз де бүгін үлесімізді қосып ыстық бауырсақ пен тәтті шәй ұйымдастырдық. Қазыналы қарттарымыз аман болсын.

РКС: Жәрмеңке барысында әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Мұқтаж жандар үшін «Мейірім бұрышы» ұйымдастырылды. Онда бірінші қажеттіліктегі өнімдер тегін берілді. Бұл игі бастамаға ауданның белсенді тұрғындары мен кәсіпкерлері қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, тұрғындар қан қысымын және қант деңгейін тексеріп, бақылау үшін жәрмеңке аумағында мобильді медициналық пункт жұмыс істеп тұрды. Сондай-ақ, аға буын өкілдеріне көмектесу үшін аудан волонтерлары да белсене қатысты.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ