ДИКТОР: Республика күні қарсаңында спортта егемен еліміздің даңқын асқақтатып жүрген спортшыларды да атап өткен жөн. Көк туымызды әлем ареналарында желбіретіп жүрген спортшылардың жетістігі – еліміздің абыройы. Сол жеңістердің артында талай жылдық тер төккен бапкерлердің еңбегі жатыр. Солардың бірі – мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әлімжан Молдағали.
РКС: Әлімжан Молдағали - спорт саласына 1993 жылы таэквандо бойынша инструктор болып келді. Содан бері табандылық пен адал еңбектің арқасында 32 жыл бойы жастарды спортқа баулып, ел спортының дамуына зор үлес қосып келеді. 33 жасына дейін өзі де белсенді спортшы болған ол, халықаралық және республикалық деңгейдегі додаларда ел намысын қорғады. Азия чемпионатындағы жүлделі орындары мен республикалық додалардағы жеңістері де аз емес.
СНХ: ӘЛІМЖАН МОЛДАҒАЛИ, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ең соңғы жарысым 2023 жылы әлем чемпионатында үлкен жастағы спорт ардагерлерінің арасында жарыс өтті. Сонда бірінші орын алдым. Бүгінгі күнге дейін сол менің соңғы жетістігім деп айтуға болады. Азия чемпионатынан алған орынымыз бар. Республика бойынша да каратэ, таэквандо бойынша да біраз еңбегіміз сіңіп жұмыс жасадық. Бүгінгі күні жаттықтырушы болып жұмыс істеп келе жатырмыз. Қазақстанымыздың соның мішінде ақмола облысының атын шығаруға біздің де үлесіміз бар деп ойлаймын. Аллаға шүкір біздің елімізді дүниежүзі таниды деп ойлаймын. Егемендік алғалы Қазақстанның жетістігі әр салада әр адамның өзінің жасаған еңбегі. Біздің міндетіміз артымыздан еріп келе жатқан жас жеткіншектерді үлкен белестерге жеткізу. Олардың еңбегін ақтап үлкен үлес алу.
РКС: Бүгінде Әлімжан Молдағали басқаратын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 700-ден астам бала спорттың 5 түрімен айналысады. Облыс бойынша 6 спорт залы, 22 жаттықтырушы жұмыс істейді. Барлығы да өз ісінің майталмандары, беделді азаматтар. Қазір мектеп тәрбиеленушілерінің арасында 50-ден астам спорт шебері, 10-нан аса халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпиондары бар. Жақында ғана мектеп командасы Ресейде өткен халықаралық жарыстан бірінші орынмен оралды.
СНХ: НАРГИЗ ҰЗАҚБАЕВА, ШӘКІРТІ: Біздің мектептің оқушылары соңғы 2-3 жылда Азия чемпионатында, әлем чемпионатында жүлдегер атануда. Қазір Әлімжан Қайратұлы әлем чемпионы. Біз үшін үлкен үлгі. Біз Әлімжан Қайратұлымен бір әлем чемпионатында бірге чемпион атандық. Бірінші күні өзі чемпион атанып, бізге мотивация беріп, үлгі беріп, екінші күні біз де намысты қолдан бермей, әлем чемпионы атандық. Бұл кісі өте қатал, талапшыл адам. Бірақ әрқашан бізге көмек қолын созады. Оның бір ауыз сөзі маған үлкен сенімділік береді. Бұл кісіге қарап осындай жетістіктерге жетіп жатырмыз.
РКС: Спорт саласында ширек ғасырдан астам уақыт абыроймен еңбек етіп келе жатқан Әлімжан Молдағали – жас ұрпаққа ерік-жігерді, табандылық пен намысты ұқтырып жүрген нағыз ұстаз. Оның шәкірттері бүгінде ел намысын қорғап, әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Бұл – ұстаздың бағыт-бағдары, шынайы тәрбие мен сапалы дайындыққа баса мән берген еңбегінің жемісі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ