ДИКТОР: Aqmola Hub креативті кеңістігінде «AI Workshop: Жасанды интеллект іс жүзінде» атты тәжірибелік-шеберлік сағаты өтті. Оқыту курсының мамандары жасанды интеллекті күнделікті жұмыста қолданудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
РКС: Цифрлық даму бүкіл әлемде және елімізде ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Қазіргі заман жастары, зуммерлер – кешкі немесе түнгі уақытта үйден шықпай-ақ цифрлық салада табыс табуға көшуде. Бұл үрдіс қаржы мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдысын меңгерудің аса өзекті екенін көрсетеді.
СНХ: ҚУАНЫШ МҰҚЫШЕВ, «ASTANA HUB» АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНТЕНТ-МЕНЕДЖЕРІ: Бүгін Aqmola Hub алаңында «AI Workshop» атты іс-шара өтуде. Бұл шарада біз жасанды интеллектпен жұмыс істеуді, соның ішінде промт-инжиниринг бағытында тәжірибе жасауды үйренеміз. Қазіргі таңда көптеген адамдар жасанды интеллектті контекстік жарнама жасауға, фото және бейне контент генерациялауға пайдаланып жүр. Алайда бүгінгі таңда одан да тиімді әрі тегін қолдануға болатын көптеген қосымшалар мен бағдарламалар пайда болуда. Біз осы воркшоп барысында фото және бейне контент жасауға арналған нақты құралдарды тәжірибеде қолданып, олардың тиімділігін талқылаймыз. Сонымен қатар промт-инжинирингтің мәнін терең түсінеміз.
РКС: Курс барысында мәтінмен жұмыс істеуге арналған ChatGPT, Gemini, Claude, Copilot сынды құралдар, графика мен видео генерациялауға бағытталған DALL•E, VEED, Sora платформалары, сондай-ақ аудио мен дауыс өңдеуге арналған Ollama, LM Studio, Suno сияқты заманауи жасанды интеллект бағдарламаларын қолдану тәсілдері жан-жақты көрсетілді.
СНХ: ӘСЕЛ ӘБДРАХМАНОВА, «ASTANA HUB» АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ: Воркшоп барысында қатысушылар қазіргі заманғы жасанды интеллект құралдарымен танысып, оларды тәжірибеде қолдану, деректерді өңдеу және талдау тәсілдерін үйренді. Біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллектті баршаға қолжетімді ету, оны күнделікті өмірде, жұмыста және оқу процесінде пайдалану мәдениетін қалыптастыру.
РКС: Бүгінгі таңда жасанды интеллект көптеген тапсырмаларды жылдам әрі сапалы орындайды. Ол сіздің дизайнеріңіз де, копирайтеріңіз де, мобилографыңыз да бола алады. Бұл технология күрделі жұмыстарды автоматтандырып, уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
СНХ: АЙНҰР ОЛЖАБАЙ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Жасанды интеллект әрбір салада дамыған, әсіресе медицинада, бизнесте, және оқу саласында.Оқу саласында ол көптеген студенттерге фото жасауға, адамның ойын дамытуға көмектеседі. Көп салада адамға септігін тигізіп жатыр.
РКС: Келесі 5–10 жыл ішінде жасанды интеллектсіз өмір сүру немесе жұмыс істеу мүмкін болмайтын деңгейге жетеді. Сондықтан AI құралдарын меңгеру – болашаққа жасалған қадам. Бұл жай тренд емес, бұл жаңа дәуір талабы.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ