ДИКТОР: Көкшетауда «Үздік әлеуметтік қызметкер» анықталды. Бұл дәстүрлі шара арқылы адамгершілік пен мейірімге толы мамандық иелеріне құрмет көрсетіледі. Олар – күн сайын қарттардың қамын ойлап, мұқтаж жандарға демеу болып, қиын сәтте қол ұшын созған жандар. Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі – қоғамдағы ізгілік пен қайырымдылықтың айғағы. Осындай жандардың еңбегін бағалау арқылы, бүгінгі ұрпақтың тұла бойына үлкенге ізет, кішіге құрмет сыңды игі істерді сіңіруге болады.

РКС: «Ең үздік әлеуметтік қызметкер» атағы үшін өңірдің жүзге жуық маманы өзара сынға түсті. Бірнеше кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар кәсіби біліктілігін, тәжірибесін және адамдармен тіл табыса білу қабілетін танытты. Ал бұл өз кезегінде игілік пен ізгілікті дәріптеген, қоғамға аса қажетті мамандық иелеріне деген құрметтің мерекесіне айналды.

СНХ: ҚАЛИ АХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл – дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау. Оның басты мақсаты – әлеуметтік қызметкер мамандығын насихаттап, жастарды осы бағытқа қызықтыру. Себебі әлеуметтік қызметкер – қоғамға, әсіресе қарт адамдарға аса қажет мамандық.

РКС: Финалға өз ісіне адал, тәжірибелі жеті әлеуметтік қызметкер жолдама алды. Қатысушылар шығармашылық таныстырылымдар арқылы өз шеберлігін, кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен тың идеяларын көрсетті. Олар еңбегінің мәні мен күн сайын қызмет көрсететін жандар туралы әсерлі баяндады. Солардың бірі – тоғыз жылдан астам тәжірибесі бар әлеуметтік қызметкер Мадина Балахметова.

СНХ: МАДИНА БАЛАХМЕТОВА, ҚАТЫСУШЫ: Мұндай байқауға қатысу – мен үшін үлкен құрмет. Бұл әлеуметтік қызметкерлер еңбегінің маңызын көрсетеді. Мен адамдарға көмектескенді, оларға жылулық сыйлағанды жақсы көремін. Еңбегімнің нәтижесін көрген сәтте, осы саланы таңдағаныма ең өкінбеймін. Әлеуметтік қыцзметкер болғаныма қуанамын!

РКС: Байқау қорытындысы бойынша Бағила Құрманқұлова бас жүлде иегері атанды. Ал екінші орынды Анастасия Ваховская еншілесі, үздік үштікті Нұрсулу Нұрсейітова мен Мәдина Балахметова түйіндеді. Бұл әлеуметтік қызметкерлер өз ісінің адал маманы, айналасына жылулық пен қуаныш сыйлап жүргендері үшін марапатталып, ыстық ықыласқа бөленді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ