ДИКТОР: Өңірде жаңа су құбырларының құрылысы қарқынды. Мәселен, қазір Бұланды ауданына қарасты Айнакөл, Партизанка және Тастыөзек ауылдары таза ауыз сумен қамтылды. Бүгінде Вознесенка ауылының тұрғындары да таза ауыз судың игілігін көріп отыр. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Вознесенска ауылында бір мыңға жуық адам тұрады. Бұған дейін тұрғындар тіршілік нәрін бірі құдықтан тасыса, енді бірі аптасына бір рет арнайы көлікпен жеткізілетін суды пайдаланған. Көп жылдан бері ауыз судың азабын тартқан жұрт енді орталықтандырылған сапалы сумен қамтылғанына дән риза.

СНХ: ВАЛЕНТИНА ДОСТОВАЛОВА, АУЫЛ ТҰРЫНЫ: Өзім бұл ауылда 65-ші жылдан бері тұрамын. Жасым 75-те. Бұрын суды кассадан жетон алып, сатып алатын едік. Кейін арнайы көлік арқылы жеткізіп тұрды, оның өзі аптасына бір рет. Енді үйде су бар. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш! Екі ұлым да қуанышыма ортақтасып, кір жуғыш машина сыйлады! Өте ризамыз! Тұрмысымыз жақсарып, жағдайымыз да әлдеқайда жеңілдеді.

РКС: Су құбырының жалпы ұзындығы 20 шақырым. Орталықтандырылған су жүйесіне 300 абонент қосылған. Жаңа су жүйесі электр тұрақсыздығы болған жағдайда да генератор арқылы үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы, себебі толық автоматтандырылған,-дейді сорғы станциясының операторы.

СНХ: АЛЕКСАНДР ЛУЗГИН, СОРҒЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ СЛЕСАРІ: Мұнда сыйымдылығы әрқайсысы 50 текше метр болатын екі су резервуары, сорғы станциялары мен зарасыздандыру ультрафиолет жүйесі орнатылған. Су осы көк резервуарға келіп, 3 тазарту сатысынан өтеді. Одан барып, абоненттердің үйіне жіберіледі.

РКС: Айта кетейік, айдың соңына қарай Отрадное, Жаңаталап, Алакөл, Никольск ауылдарына да таза ауыз су беріледі деп күтілуде.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ