ДИКТОР: Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін дамытуда айқын жетістіктерге жетті. 35 жылдың ішінде өз ісіне адал, адам өмірін сақтауды басты мұрат еткен жаңа буын дәрігерлер қалыптасты. Сол ізгі мамандардың бірі – көпсалалы облыстық аурухана жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Айя Әлібаева.

РКС: Айя Әлібаева дәрігер болуды бала кезден армандаған. Таңдаған жолынан айнымай, сегізінші сыныпта-ақ болашақ мамандығын анықтап, арман жетегінде Алматыдағы Қазақстан-Ресей медицина университетіне түседі. Осы жерде ол терапевт мамандығын меңгеріп, өмірін медицинамен байланыстырды. Бүгінде Айя – көпсалалы облыстық аурухананың жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі. Мұнда әр күн, әр сәт адам өмірі үшін күреспен өтеді. Ал Айя үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, адамға шын жүректен көмектесудің, өмір сыйлаудың жолы.

СНХ: АЙЯ ӘЛІБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің ең басты міндетіміз – адамға көмек көрсету. Ауруханаға келген әрбір жан жайдан-жай келмейді, оның жағдайы қиындап, көмекке зәру болған соң келеді. Осындай сәтте науқасқа дер кезінде қолдау көрсетіп, жағдайын жеңілдету – дәрігердің борышы. Кейде адам өз халін түсіне алмай абдырап жатады, сол кезде жылы сөз бен жанашырлық та емнің бір бөлігіне айналады.

РКС: Әріптестері Айя Әлібаеваны өз ісін жетік білетін, адамгершілігі мол, ұжыммен тіл табыса білетін басшы ретінде сипаттайды. Ол әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетіп, сенім мен өзара құрметке негізделген жылы жұмыс ортасын қалыптастыра алған.

СНХ: МАҚПАЛ НҰРПЕЙІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БӨЛІМІНІҢ МЕЙІРБИКЕСІ: Айя Әлібаева – ерекше сезімтал, білімді әрі қарым-қатынаста өте ашық жан. Ол ұжымдағы кез келген мәселені байыппен шешіп, бәрімізге қолайлы жұмыс ортасын қалыптастырады. Ең бастысы – әр науқастың жағдайын түсініп, жүрек жылуымен жақындаса біледі.

РКС: Мұндай мамандар – заманауи медицинаның сүйеніші мен абыройы. Олардың білімі мен тәжірибесі, өз ісіне деген адалдығы және үнемі өсуге, жетілуге ұмтылысы – кәсібилік пен адам әлеуетін басты құндылық еткен бүгінгі Қазақстанның жарқын келбетін айқындайды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ