ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірде жастар тарапынан жасалған үш заңсыз әрекет тіркелді. «AMANAT» партиясы жанындағы облыстық жастар істері жөніндегі кеңестің отырысында мұндай оқиғалардың жасөспірімдер арасында алдын алудың жолдары талқыланды. Аталған құқық бұзушылықтардың барлығы «Арна», Қазақ гуманитарлық-техникалық және Щучинск жоғары техникалық колледждері студенттерінің тарапынан жасалған. Кәмелетке жасы толмағандарға қатысты, оның ішінде жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы бағытталған қылмыстардың біршама өскені байқалады.

РКС: Отырыс барысында кәмелетке жасы толмағандар тарапынан және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың себептері мен жасалу жолдары айтылды. Әдетте мұндай құқық бұзушылықтар ата-аналардың балаларын қадағаламау себебінен туындайды. Сондай-ақ қауіп төндіретін факторлар ретінде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізбеуі мен кейбір интернет-ресурстардың да кері әсері бары атап өтілді. Кәмелетке жасы толмағандар жасаған әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша қызметтік тексерістер жүргізіліп, жастарды қылмыстық әрекетке итермелейтін себептер анықталуда.

СНХ: ҚУАТ ҚАЖИМОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: Жүргізілген талдау бойынша ең проблемалық аймақтар — №1 учаскелік және №2 аймақтық полиция бекеттері. Бұлар қаланың орталық бөлігінде орналасқан аумақ. Сондай-ақ, жастар көп шоғырланатын “РИО” сауда ойын-сауық орталығы мен қалалық саябақтар да бар. Көкшетау қаласында 34 мектеп бар, оның 28-і – мемлекеттік білім ошағы. Ювеналды полиция қызметкерлері мектептер мен колледждерде оқушылармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

РКС: Бүгінде қалалық ювеналды полиция бөлімінде 73 жасөспірім тіркеуде тұр. Білім беру ұйымдары өкілдерімен бірлесе олардың тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүргізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер өткізіледі.

СНХ: КЛАРА ӘЛИЕВА, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір жастар мен студенттер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі өзекті. Бұл бағытта диагностикалық және профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Колледжімізде екі педагог-психолог, әлеуметтік педагог және кураторлар жұмыс істейді. Олардың бәрі құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қазір ювеналды полицияда 8 студентіміз есепте тұр, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

РКС: Белсенді жастар да құқық қорғау органдарына қолдау көрсетуде. Кәмелетке жасы толмағандар тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерінен 3 жедел жастар жасағы құрылды. Құқық қорғау органдары «Жастар Рухы» белсенділерімен бірлесе, «Есірткіге жол жоқ!» атты нашақорлыққа қарсы акцияларын да өткізуде.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ