Негізгі Жаңалықтар Аймақта туристік инфрақұрылым дамытылуда

Аймақта туристік инфрақұрылым дамытылуда


ДИКТОР: Ақмола облысында туризм саласы дамудың даңғыл жолында. Жыл соңына дейін өңір екі миллионнан астам туристі қабылдайды деген болжам бар. Жазғы маусымның өзінде Бурабай курортты аймағына бір миллионнан астам демалушы келген. Айта кету керек, Қазақстандағы туристік қызметтердің жалпы көлемінің шамамен 10 проценті Ақмола облысының үлесіне тиесілі. Өңірде саланы одан әрі дамыту мақсатында туристік инфрақұрылым кеңейтілуде. Инвестициялар тартылып, жыл бойы демалуға қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. 

РКС: Туристік қызмет түрлерінен түсетін салықтық түсімдер өткен жылмен салыстырғанда артып отыр. Мамандардың есебіне жүгінсек, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 20 миллиард теңгеден асу көзделген. Инвесторлар тарапынан өңірге қызығушылық артып келеді. 10 айда туризм саласына салынған инвестиция көлемі 21,5 миллиард теңгеге жетті. Оның 16,3 миллиарды жекеменшік инвестиция. Қазір Бурабайда халықаралық брендтердің қонақ үй кешендері салынып жатыр.

СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Көкшетауда халықаралық желіге жататын төрт жұлдызды, тоғыз қабатты жаңа қонақүйдің құрылысы басталды. Бұл жоба ірі іскерлік және халықаралық спорттық іс-шаралар өтетін жаңа стадионның құрылысымен қатар жүзеге асырылуда. Нысан келер жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деген жоспар бар. 

РКС: Курортты аймақта іскерлік туризмді дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер де пайда болады. Бурабай кентінде көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысы басталды. Шамамен 20 миллиард теңгеге бағаланған бұл жоба ірі форумдар, конференциялар мен халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналмақ. Бұл облысқа келушілер санын арттыруға және туризм саласының маусымдық сипатқа тәуелділігін азайтуға септігін тигізеді деген болжам бар. 

СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бурабай курортты аймағына қатысты бірқатар мәселе туындаған еді. Жағалау сызығы жеке операторларға жалға берілген еді. Ол «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 38-бабына сәйкес рұқсат етілген тәжірибе болатын. Бірақ, ұлттық саябақ әкімшілігімен бірлесе жүргізілген талқылаулардан кейін ортақ шешімге келдік. Келер жылдан бастап Бурабай көлінің жағалауына барлық келушілер еркін кіре алады. Біз ол жерден жеке жалға алушыларды толығымен шығарамыз. Бұл аумақты қоғамдық жағажайға айналдырамыз.

РКС: В планах – дальнейшее развитие туристических маршрутов, создание новых мест отдыха и проведение масштабных мероприятий. Уже 19 декабря в курортной зоне состоится открытие зимнего сезона с фестивалем Après-Ski. Организаторы ожидают более тысячи участников. Таким образом, Акмолинская область постепенно расширяет туристические возможности, делая ставку не только на летний отдых, но и на круглогодичный приём гостей.

Туристік бағыттарды одан әрі дамыту, жаңа демалыс аймақтарын құру және ауқымды іс-шараларды өткізу-алдағы жоспардың еншісінде. Желтоқсанның 19-да курортты аймақта қысқы маусым «Après-Ski» фестивалімен басталады. Ұйымдастырушылар іс-шараға мыңнан астам адам қатысады деп болжап отыр. Осылайша, Ақмола облысы біртіндеп туристік әлеуетін кеңейтуде. Демалуға келушілерді жазғы уақытта ғана емес, жыл бойы қабылдауға басымдық бермек ниетте. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу