Негізгі Жаңалықтар Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 124 арыз тіркелген

Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 124 арыз тіркелген


ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысында отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыстық теріс қылықтарға қатысты әйелдерден 124 арыз түскен. Зәбір көргендерге қандай көмек көрсетіледі? Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынған? Бейнематериалға назар аударайық. 

РКС: Қала тұрғыны 10 жыл бойы отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзіп келген. Жылдар өте жағдай ушығып, көпбалалы ана балаларын алып, үйден кетуге мәжбүр болады. Амалсыздан көмек сұрап, «Шанс» орталығының көмегіне жүгінеді. Бүгінде ол басынан өткенін жасырмай, өз оқиғасымен бөлісуге бел буды.

СНХ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ЖӘБІРЛЕНУШІ: Кезекті жанжалдан кейін ол ұйықтап қалды. Біз балалармен бірге заттарымызды жинап, такси шақырып, үйден қашып шықтық. Қатты қорықтық. Өйткені өміріміз қыл үстінде тұрғандай еді. Бірақ кетуге бел буып, алғашқы қадамды жасаған соң, бізге қолдау көрсеткен адамдар табылды.

РКС: «Шанс» орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсетіледі. Уақытша баспанамен қамтылып, мамандар қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері облыстағы дағдарыс орталықтары 62 әйел мен 111 баланы паналатқан.

СНХ: КӨГЕРШІН СЕЙІТҚАЖИНА, «ШАНС» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: Орталыққа келген әйелдердің ең алдымен психологиялық жағдайына мән береміз. Әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіп, жан жарақатының деңгейін анықтаймыз. Кейбірі басынан өткенін бірден айтып бере алмайды. Сондықтан алдымен бойын үрейден арылтып, өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасаймыз. Содан кейін психологиялық қолдау көрсетіп, қиындықты еңсеруіне көмектесеміз.

РКС: 25 қараша - әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні. 10 желтоқсанға дейін әлемде зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік науқан өтеді.

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Акцияның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу, жолын кесу, қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, сондай-ақ зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету. Іс-шаралар профилактика субъектілерімен, жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, білім беру мекемелерімен және жұртшылық өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылады.

РКС: Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 3600-ден астам қорғау нұсқамасын шығарған. Құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 1300-ге жуық ерекше талап қойылды. 131 жағдайда агрессорлармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізілді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу