Негізгі Жаңалықтар Аймақта дәрігер мамандар саны артып келеді

Аймақта дәрігер мамандар саны артып келеді


ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірдің медицина саласы 200-ге жуық маманмен толықты. Олардың басым бөлігі елді мекендерде еңбек етіп, жергілікті медицинаның дамуына үлес қосып жүр. Ал шаһардағы көпбейінді облыстық аурухана ұжымы жас гематологпен толықты. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған жас маман туралы келесі сюжетте.

РКС: Айдана Тоқтарова дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Анасының жолын қуған жас маман Семейде білім алып, еңбек жолын Көкшетауда жалғастыруды жөн көрген. Қазір көпбейінді облыстық ауруханада гематолог болып еңбек етеді. Жолдасы да медицина маманы. Жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істейді.

СНХ: АЙДАНА ТОҚТАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ ДӘРІГЕР-ГЕМАТОЛОГЫ: Қыркүйек айынан бері осында жұмыс істеймін. Амбулаториялық қабылдау жүргізіп, гематология бөліміндегі науқастарды да қараймын. Қабылдауға алғаш рет келгендер де, созылмалы ауруы бар науқастар да жүгінеді. Негізінен темір тапшылығы анемиясын анықтаймыз. Сондай-ақ онкологиялық ауруларға күдік болса, қосымша тексерулер жүргізіп, науқасты толық диагностика мен ем алу үшін стационарға жатқызамыз.

РКС: Еңбек жолын бастағанына көп уақыт болмаса да, Айдана әріптестерінің сеніміне ие болып, ұжымға тез сіңісті. Жас маманның жауапкершілігі мен жұмысқа деген ынтасын әріптестері де жоғары бағалайды.

СНХ: ДИНАРА НАЗАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ АМБУЛАТОРИЯЛЫҚ-ЕМХАНАЛЫҚ КӨМЕК ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бірнеше айдың ішінде Айдана өзін ізденімпаз, жауапкершілігі жоғары маман ретінде көрсетті. Өз білімін жетілдіруге ұмтылады, науқастармен тіл табыса біледі. Жас мамандардың осындай қарқынмен еңбекке араласып, ұжымға қосылғаны бізді қуантады. 

РКС: Жалпы, жыл басынан бері өңір 186 маманмен толықты. Дәрігер тапшылығын азайту жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу