Саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынды
ДИКТОР: Өткен ғасырдың 30–40-жылдары – ел тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі. Осы жылдары Ақмола облысының өзінде 5,5 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Сотталғандардың бір жарым мыңнан астамына ату жазасы кесілді. Бұған қоса сол зұлмат жылдары өңір аумағында ерекше режимдегі еңбекпен түзеу лагерлері жұмыс істеп, мыңдаған адамның тағдырына өшпес із қалдырды.
РКС: 1937 жылы облыс аумағында Кеңес Одағындағы ең ірі саналатын әйелдер лагері құрылды. 1938 жылдың басында «Халық жауы» деп айыпталған азаматтардың жұбайларына арналған Ақмола лагеріне балалары бар әйелдердің алғашқы легі жеткізілді. АЛЖИР лагері өз жұмысын 1953 жылы тоқтатты. Он бес жылға жуық уақытта АЛЖИР лагерінде түрлі ұлт өкілінен шыққан 18 мыңнан астам әйел жазасын өтеді.
СНХ: АЙСҰЛУ ӘМІРЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен азаматтардың жұбайлары мен аналарын лагерьге жіберетіндерін ешкімге алдын ала ескертпеген. Керісінше, оларды жақындарымен жүздесуге шақырған. Сүйікті жандарымен қауышамыз деген үмітпен сәнді киініп жолға шыққан әйелдер мен қыз-келіншектер өздерін қандай қасірет күтіп тұрғанын сезбеді. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері де болды. Алайда оларды кездесу емес, суық хабар күтіп тұрды. Әкімшілік ғимаратқа келген сәтте қолдарына «Отанын сатқандардың жұбайлары» деген жалған айып тағылғанын растайтын құжат ұстатылды. Жан түршігерлігі – олардың көпшілігі өздері асыға күткен жақындарының әлдеқашан атылып кеткенін әлі білмейтін.
РКС: Жиырмасыншы ғасырда Қазақстанда 100 мыңнан астам адам негізсіз сотталды. Олардың шамамен төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Түрлі әлеуметтік топтың, этностың өкілдері мен мамандық иелері «Үлкен террордың» құрбандарына айналды. Қоғамдық пікірге ықпал ететін тұлғаларды, яғни зиялы қауым өкілдерін, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері қудалауға ұшырады. Бүгінде ұлт тарихының қаралы беттері халық жадында сақтаулы. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде қуғын-сүргін тарихына арналған арнайы зал бар. Сонымен бірге негізгі экспозицияда да арнайы сөрелер ұйымдастырылған.
СНХ: ДАНА ЖАНТЕМІРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСОВОДЫ: Біз жалпы осы 30-40-шы жылдары, репрессиялық жылдарында болған тарихпен қатар және осы тарихи кезеңде ерекше айтулы, атақты тұлғалар туралы да арнайы экскурсия барысында айтып өтеміз. Айтатын болсақ, енді бәрімізге мәлім Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, біздің майталман қаламгерлеріміз және көрнекті қоғам қайраткерлері. Сонымен қатар Көкшетау өңірінің тұмалары, мысалы, Зарап Темірбеков, Ибрагим Салахов сияқты азаматтарымыз туралы. Негізгі экскурсияларымен қатар арнайы өзіндіқ тақырыптық экскурсиялар болады. Бұны біздің музейіміздің ғылыми қызметкерлері арнайы өткізеді. Және әрине, әлбетте жыл сайын 31 мамыр жалпы респрессияларға қатысты саяси құғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу күніне орай орайластырылған да түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады.
РКС: Мұражай сол бір қиын кезеңнің тарихи сабақтарын өскелең ұрпақ үшін сақтап келеді. Мамандар студенттер мен оқушыларға, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына экскурсиялар өткізеді. Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алды. Мыңдаған қазақстандықтың абыройы мен есімі қайта жаңғырды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ