Негізгі Жаңалықтар Биыл Тәуелсіздікке – 35 жыл

Биыл Тәуелсіздікке – 35 жыл


ДИКТОР: Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 35 жыл. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған қазақ халқы егемендікке қол жеткізіп, әлемге дербес мемлекет ретінде танылды. Бүгінде Қазақстанның тәуелсіздігін 100-ден астам мемлекет мойындаған. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция сынды алпауыт елдермен дипломатиялық байланыс орнатылды. Географиялық тұрғыдан Ресей мен Қытай секілді ірі мемлекеттермен шектеседі. Осылайша Қазақстан халықаралық аренада өз орнын айқындап, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды.

РКС: Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан алдында дербес мемлекеттілікті қалыптастыру міндеті тұрды. Ел шекарасын бекіту, саяси жүйені орнықтыру, экономиканы дамыту бағытында маңызды қадамдар жасалды. Алғашқы Конституция қабылданып, мемлекеттің құқықтық негізі қаланды. Халықаралық ұйымдарға мүшелік ету – еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындаған маңызды белестердің бірі болды.

СНХ: АҚБОТА БЕКСЕЙІТОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазақстан тәуелсіз мемлекетінің халықаралық аренадағы ең үлкен ұйымдарының бірі – БҰҰ-ның мүшесі болып қабылдану, ол, әрине, өте үлкен белес болды. Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болды, Шанхай ұйымына мүше болды. Қазір міне түрік мемлекеттер ұйымына мүше болып жатыр. Биыл шетел басшылары, Катар болсын, Испаниянда болсын, басқа мемлекеттердің мемлекет башыларының келуі осы біздің сыртқы саясатымыздың бір бағытты, яғни көпвекторлы саясат ұстануын көрсетіп отыр. Тек қана осы көршілес мемлекеттермен емес жалпы әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде бекуінің әрі осы жолы жүріп жатқандығын көрсетіп отыр. 

РКС: Егемендік жылдары Қазақстанның халықаралық байланыстары нығайып, ішкі даму бағыттары да айқындала түсті. Қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге басымдық берілді. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстардың өзегі – тәуелсіздіктің қадірін ұғынатын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу.

СНХ: ГҮЛМИРА АХМЕТОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Қазіргі біздің жастар өте білімді, жағдай керемет жасалынған. Шет мемлекеттерге барып білім аламын десе де «Болашақ» бағдардамасымен барып, сол жерде білім алып келіп жатыр. Сол білімін елімізді көркейту үшін жұмсап жатыр деп айтуымызға болады. Еліміздің жақсы болуы да білімді ұрпаққа байланысты. Осы мемлекетті әрі қарай өркендететін де, дамытатын да сол ұрпақ.

РКС: Келесі белес – қол жеткізген жетістіктерді еселеп, елдің дамуына үлес қосатын жаңа буынды қалыптастыру. Білімге ұмтылған, заманауи талаптарға бейім жастардың әлеуеті Қазақстанның алдағы дамуында маңызды роль атқарады. Егемен елдің ертеңі де, оның жетістіктерін жалғастыру да бүгінгі ұрпақтың қолында.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу