Облыс тұрғындарының табысы артып келеді
ДИКТОР: Ақмола облысында халықтың табысын арттыруды көздейтін 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осыған орай мамандар жалақыны көтеру, жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтуды арттыру, инфляцияны тежеу және тұрғындардың қарыз жүктемесін азайту бағытында жұмыстарды жүргізуде. Жыл басынан бері өңірде 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға 2,3 миллиард теңге бөлінді. Тұрғындар тағы қандай мемлекеттік қолдау ала алады? Қазірдің өзінде қандай нәтиже бар? Тілші баяндайды.
РКС: Аймақта халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарына «Ауыл аманаты», «Өрлеу» және «Іскер аймақ» жобалары, сондай-ақ Кепілдік қоры кіреді. Бұл бастамалар кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бизнесті дамытуға бағытталған. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғалы бері өңірде 600-ден астам микронесие берілді. Соның арқасында жаңа өндіріс іске қосылып, қосымша жұмыс орындары құрылуда.
СНХ: ДИНАРА ҚҰЛТАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Шағын және орта бизнесті қолдауға 2,3 миллиард теңге бөлінді. Оның 2 миллиард теңгеден астамы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға, ал 161 миллионы гранттық қаржыландыруға бағытталған. «Өрлеу» бағдарламасы аясында 9,6 миллиард теңге болатын 246 жобаға қолдау көрсетілді. Кепілдік қоры кәсіпкерлерге 6,6 миллиард теңге болатын 73 несиелік кепілдік берді. «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 566 миллион теңгеге бағаланған 8 жоба қолдау тапты. Бұдан бөлек, Халық банкімен жасалған келісім аясында кәсіпкерлерге 1 миллиард теңге көлемінде несие беру қарастырылған. Бүгінде 232 миллион теңге болатын 6 жобаға қолдау көрсетілді.
РКС: Биыл кешенді жоспар аясындағы шара аймақтың 85 мыңнан астам тұрғынын қамтыды. Бизнесті қолдаумен қатар, өңірде жұмыспен қамтуға ықпал ету бағдарламалары да бар. Тұрғындарға жұмыс табуға, жастар тәжірибесін өтуге немесе «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған бастамалар да бар. «Қарызсыз қоғам» жобасы облыс тұрғындарына өздерінің несиелік міндеттемелерін басқаруға көмектеседі. Отбасының цифрлық картасы деректеріне сәйкес, қазір өңірде несие төлемдерін 90 күннен астам уақытқа кешіктірген 65 500 адам бар.
СНХ: ДИНАРА ҚҰЛТАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл экономиканың барлық саласында 27 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 22 мыңы тұрақты жұмыс орны. Жалпы алғанда бағдарлама 2029 жылға қарай қызметкерлердің нақты табысын орта есеппен 10, ал халықтың жалпы нақты табысының өсімін 2-3 процентке арттыруды көздейді. Жыл сайын кемінде 30 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 25 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны болуы тиіс. Сондай-ақ инфляцияны жылына 5–7%-ға дейін төмендетуді мақсат етеді.
РКС: Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – басым бағыттың бірі. Облыс бойынша осындай 65 кәсіпкер тіркелген. Бұл компаниялар пайда табуды ғана емес, сонымен қатар нақты әлеуметтік мәселелерді шешуді мақсат етіп отыр. Ең алдымен әлеуметтік осал тобы санатына жататын халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.
ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ