Шаһарда алғаш рет «Көкше өнер барысы» жарысы өтті
ДИКТОР: Кеше Көкшетауда қазақ күресінен алғаш рет «Көкше өнер барысы» турнирі өтті. Қалалық додаға өнер мен шығармашылық саласында жүрген 12 азамат қатысты. Бозкілемде блогерлер, видеографтар, мобилографтар, театр актерлері мен ақындар өзара мықтыны анықтады. Ерекше жарыстың барысын тілшіміз Евгений Варанкин тамашалап қайтты.
Интершум:
РКС: Бұл жолғы жарыстың басты ерекшелігі – бозкілемде кәсіби спортшылар емес, өнер мен шығармашылық саласының өкілдері белдесті. Ұйымдастырушылардың мақсаты – ұлттық спортты насихаттап, жастардың қазақ күресіне деген қызығушылығын арттыру. Ал қатысушылар үшін бұл – өз күшін сынап қана қоймай, ұлттық өнерге деген құрметін көрсетудің де мүмкіндігі.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазақ күресі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мұрасы. Сондықтан осы турнирдың басты мақсаты – жастарға ұлттық спортты насихаттау деп сенемін. Сондықтан сіздерге, өнер балуандарға ниет білдіріп, қатысып отырғандарыңызға және де ат салысып жүрген азаматтарға мың алғыс білдіремін. Көкшетауымызда әрдайым керемет додалар өте берсін.
РКС: Әуесқой балуандар үш салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Олар 70 пен 80 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ санаттарына бөлінді. Әр белдесуге үш минут уақыт берілді. Жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Яғни, жеңіліс тапқан балуан бірден жарыстан шығып, жеңімпаз келесі кезеңге жолдама алды. Ал белдесулердің әділ өтуін төрешілер қадағалады.
СНХ: ЖАСҰЛАН МҮСІПОВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІ: Осы Көкшетау қаласының балуандары, өнерде жүрген балуандар. Ең біріншіден өнеріне қараймыз, жылдамдық, әдістеріне, соған қараймыз. Мынау Өнер барысы Ақмола облысында ең бірінші рет өткізіліп жатыр Көкше Аренада. Алдағы уақытта осы жарысымыз жалғасын табады деп ойлаймын. Жылда өнерімізді дамыта берсек, жақсы болады деп ойлаймын. Балуандарға сәттілік тілеймін.
РКС: Жарыстың жартылай финалдық кезеңінде 70 келі салмақ дәрежесінде көкшетаулық блогер, контент-мейкер әрі белсенді жас Дияз Жігітай блогер Райымбек Орынғалимен белдесті. Қарсыласынан басым түскен Дияз финалдық белдесуде де жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Оның айтуынша, кәсіби спортшы болмаса да, қазақ күресіне қызығушылығы жоғары.
СНХ: ДИЯЗ ЖІГІТАЙ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Қарсласым жақсы жігіт. Жақсы күресіп қояды. Басында дергаться еттік, бірақ жеңісті алдым. Бір жартылаймен таза жеңіп алдым. Дайындық керемет болды. Біз енді кәсіби маман емеспіз бұл спорттың. Әр қазақ жігіті күресу білу керек деген сияқты. Күш салдық күреске. Осындай өнер барысы болып жатқанына қуаныштымыз. Әкімдікке рақмет осындай қазақ күресінің ұмытпайтын, тарихта қалатындай спортының бірі ғой. Алғысымызды айтамыз. Қазақ күресіміз дамысын, жастардың қолымызда ғой. Негізі менің салмағым 64, ал мынау 70-тен басталады. 70-ке шыға бердім.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде үздік шыққан балуандар анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алтын медальдармен және арнайы белбеулермен марапатталды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл доданы дәстүрлі түрде өткізіп, қатысушылар қатарын көбейтуді жоспарлап отыр.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ