Аймақта есірткі қылмысымен күрес күшейтілді
ДИКТОР: Өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді. Жыл басынан бері күшті әсер ететін препараттарды сату бойынша 57 қылмыс анықталған. Сонымен қатар, аймаққа тыйым салынған заттарды жеткізетін 10 арнаның жолы кесілді. Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін екі зертхананы жойды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өңірдегі есірткі ахуалы тұрақты бақылауда болғанымен, синтетикалық есірткі тәркілеу көрсеткіші айтарлықтай артқан.
РКС: Жыл басынан бері аймақта есірткіге қатысты 300-ге жуық заң бұзушылық тіркелген. Оның көбісі есірткі заттарын өткізу дерегі болса, 15 жағдайда аса ірі мөлшерде сақтау фактісі анықталған. Сондай-ақ, есірткі контрабандасына қатысты екі қылмыс тіркелді. Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы әлі де өзекті мәселенің бірі болып отыр. Алдын алу шаралары мен жедел жұмыстар қатар жүргізілуде.
СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Ақмола облысындағы есірткі ахуалы тұрақты, әрі үнемі бақылауда. Дегенмен синтетикалық есірткі заттарын тәркілеу көрсеткішінің өскені байқалады. Былтыр жыл бойы 25 келі синтетикалық есірткі тәркіленсе, биыл 10 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 220 келіге жетті. Жыл басынан бері 290 есірткіге қатысты заң бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 96 есірткі өткізу дерегі, аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 15 факті және есірткі контрабандасына қатысты екі дерек бар.
РКС: Жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары білім беру ұйымдарында кездесулер, дөңгелек үстелдер мен түсіндіру шараларын ұйымдастырып келеді. Негізгі мақсат – жасөспірімдерге зиянды әдеттердің салдарын түсіндіріп, жастардың жастардың есірткіден аулақ болуына ықпал ету.
СНХ: АЙБЕК ХАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГ-МАМАНЫ: Есірткіге тәуелділіктің негізгі себептері көбіне психологиялық мәселелермен, қоршаған ортаның ықпалымен, отбасындағы жанжалдармен, қызығушылықпен және шынайы өмірден қашуға деген ұмтылыспен байланысты. Көп жағдайда адам есірткіні бірден тәуелді болу үшін емес, ішкі күйзелістерімен күресу мақсатында қолдана бастайды. Ата-аналар балаларының мінез-құлқындағы күрт өзгерістерге, тұйықталып, сыр жасыруына, ұйқысының бұзылуына, сабақ үлгерімінің төмендеуіне және бұрын қызықтырған істеріне деген ынтасының жоғалуына назар аударуы керек.
РКС: Тәртіп сақшыларының айтуынша, Ақмола облысы есірткі заттарын тәркілеу көрсеткіші бойынша республикадағы алғашқы үштікке кіреді. Жуырда өңірге тыйым салынған заттарды жеткізу арнасын ұйымдастырған 11 адам ұсталды. Мамандар есірткі заттарын сақтау мен өткізудің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Осындай заң бұзушылықтар туралы ақпарат болған жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ