Көкшетау-Петропавл тас жолы төрт жолаққа кеңейтіледі
ДИКТОР: Республикалық маңызы бар Көкшетау-Петропавл тас жолы төрт жолақты болып кеңейтіледі. Бұл бағыттың транзиттік маңызы зор. Себебі бұл жол Ресеймен шекарадағы үш халықаралық өткізу бекетіне шығады. Осылайша, жүк тасымалы артып, Қазақстанның халықаралық көлік қатынасындағы мүмкіндігі кеңейеді. Сондай-ақ «Орталық-Батыс» көлік дәлізі салынады. Жаңа күрежол шалғай өңірлердің күретамырына айналып, олардың экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Бұл туралы Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: «Орталық - Батыс» дәлізі Астанадан Егіндікөл мен Торғай арқылы батыс өңірлерге шығуға мүмкіндік береді. Қазір жоба бойынша дайындық және іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал Көкшетау - Петропавл бағытындағы жол төрт жолақты болады. Қосымша көпірлер мен жолтораптары салынады. Құрылыс келер жылы басталып, 2029 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
СНХ:МАҚСАТ БАЯХМЕТ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жол сапасын арттыру үшін Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Енді жол құрылысына қолданылатын қиыршық тас пен битумға қойылатын талаптар күшейтіледі. Сондай-ақ мердігер компанияларға конкурс кезінде талап қатаңдап, кепілдік мерзімі ұзартылады. Осы кезеңде анықталған ақауларды мердігер өз қаражатына жөндеуге міндетті болады. Бұдан бөлек, Ұлттық сапа орталығының мамандары мен зертханалары жергілікті жолдардың сапасын бақылауға, құрылысқа қажетті материалдарды таңдауға және жобаларды іске асыруға қолдау көрсетеді.
РКС: Жергілікті жолдардың жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл облыста жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде 400 шақырымға жуық жол жөнделді.
СНХ:ЖҰМАБЕК ХАЙРОЛЛА, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛIГI ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Атап айтқанда, Жақсы – Державинск бағытының 40 шақырымға жуық бөлігі, Жалтыр – Макинск жолының 10 шақырымдай учаскесі жаңартылды. Сонымен қатар жол сапасын бақылау мақсатында жергілікті маңызы бар 100 шақырымнан астам жолға диагностика жүргізілді. Көпірлер, су өткізгіш құбырлар, жол жабыны мен негізі тексерілді.
РКС: Алдағы жылы да негізгі бағыттар бойынша жолдарды жөндеу жалғасады. Атап айтқанда, Щучинск - Степняк - Уәлиханов тас жолының Щучинскіден Степнякке дейінгі бөлігі күрделі жөнделеді. Сондай-ақ Ерейментау - Еркіншілік - Аршалы жолының Аршалы - Михайловка аралығындағы 20 шақырымдық учаскесі жаңартылады. Жобаны алдағы 2-3 жылда аяқтау көзделіп отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ