Ауданды дамытуға 20 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады
ДИКТОР: Алдағы екі жылда Ақкөл ауданын дамытуға 20 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауданда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл сумен жабдықтау желілерін жаңартуға ғана 4,5 миллиард теңге бөлінді. Жоспарланған жобалар туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындармен кездесу барысында баяндады. Жиында туризмді, спортты және ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері де сөз болды.
РКС: Кездесу барысында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегін атап өтті. Қолайсыз ауа райы мен ұзаққа созылған құрғақшылыққа қарамастан, диқандар 170 мың тонна астық жинап, гектарынан орта есеппен 10,8 центнер өнім алды. Сонымен қатар биылғы астықтың сапасы өткен жылдардағы көрсеткіштерден жоғары. Жиналған өнімнің шамамен 85 пайызы үшінші класқа жатады. Бидайдың басым бөлігі – жоғары ақуызды, яғни Hi-Pro санатындағы өнім. Соңғы үш жылда ауданда майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 6 есеге артқан. Сондай-ақ, ет кластерін дамытуға ерекше назар аударылды. Биыл заманауи роботтандырылған ірі сүт-тауарлы фермасы іске қосылды. Марат Ахметжанов мұндай заманауи өндіріс орындары сапаның жоғары үлгісі екенін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Еңбек ауылында толық кешені бар алғашқы роботтандырылған ферма іске қосылды. Бұл мақтануға тұрарлық жағдай емес пе? Бұзауларды роботтар тамақтандырады, шөп береді, сиырларды да роботтар сауады. Қай сиырды сауу керектігін роботтың өзі анықтап, қажет болған жағдайда кейбірін бөлек шығарады. Мен тіпті бұзау сүттің бәрін ішіп қоймай ма деп ойладым. Жоқ, робот бәрін есептейді. Күніне 6-7 литр сүт ішсе, болды, оған шектеу қояды. Бұл – ең таза, экологиялық талаптарға сай сүт пен сүт өнімдері. Қазақстанда мұндай бірегей өндіріс орны өте сирек. Ол Ақкөл ауданында орналасқан. Осындай азаматтарымызды мақтан тұтуымыз керек. Сондықтан олар туралы әлеуметтік желілерде көбірек айту қажет. Өзгелерге үлгі ретінде көрсетуіміз керек.
РКС: Өңір басшысы аудан инфрақұрылымын дамытуға, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ жолдардың сапасын жақсартуға баса назар аударды. Биыл «Ақкөл – Азат – Новорыбинка» автожолының төсемі толық жаңартылды. Жалпы ұзындығы 25 шақырым жол жөнделді. Сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға биыл 4,5 миллиард теңге бөлінді. Үш ауылда су құбырлары толық жаңартылды. Ал Ерназар елді мекенінде суды тазарту жүйесі ретке келтірілді. Бұған қоса, 30 жыл болған жылу қазандықтарының орнына екі жаңа блок-модульдік қазандық орнатылды. Енді тұрғындар көгілдір отынның келуін күтіп отыр.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатылады. Ол тікелей Ақкөл қаласында орналасатын болады. Аудандағы 28 елді мекеннің барлығы газдандырылады. Қазір әр ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталады. Газ құбырының схемасы бекітілді. Жыл соңына дейін «АстанаГаз ҚМГ» акционерлік қоғамынан техникалық шарттарды алып, келер жылдан бастап жобалау жұмыстарына кірісеміз. Сонымен қатар құрылыс пен қаржыландыру мәселелерін қатар қарастырамыз.
РКС: Ақкөл өңірінің туристік әлеуетін арттыру да жоспарланған. Бұл бағытта спорт нысандары мен демалыс, рекреациялық аймақтар құруға басымдық берілмек. Азат ауылында мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Қолданыстағы демалыс кешенін кеңейту көзделіп отыр. Мұнда 53 вилла, 40 демалыс үйі және 120 орындық халықаралық деңгейдегі қонақүй салынады. Бұдан бөлек тағы екі жаңа туристік жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ұзындығы 800 метр болатын тау шаңғысы трассасы, ұзындығы 600 метрлік аспалы жол, 16 нөмірлі қонақүй, 10 демалыс үйі, мейрамхана, тоған, балалар ойын алаңдары және басқа да инфрақұрылым нысандары салынады. Екінші жоба «Ақкөл Резорт» компаниясы жүзеге асыратын экологиялық саябақ. Соның аясында қонақүй кешені, 50 орындық мейрамхана, қабылдау ғимараты, виллалар мен капсулалық үйлер бой көтереді.
РКС: Кездесу барысында облыстық және республикалық зияткерлік сайыстардың жеңімпазы атанған бір топ оқушы марапатталды. Өңір басшысы жас дарындарға сыйлықтар табыстап, алдағы уақытта да биік жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді.
Интершум:
РКС: Кездесу соңында Марат Ахметжанов жоспарланған жұмыстарды жауапкершілікпен жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Даму жобалары ең алдымен тұрғындардың игілігіне қызмет етуі тиіс. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканы нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруы қажет. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуы мен барлық бастаманың ашық жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, НАИР ЗАХОВАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ